Жастар мәслихаты жұмысын бастады

Өткен аптада қалалық әкімдікте жастар мәслиха-тының І сессиясы өтіп, оған жаңадан сайланған 13 жас депутаттың 10-ы қатысты. Сессияны қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай ашып, жүргізді. Күн тәртібінде үш сұрақ қаралды: «Жастар мәслихатының хатшысын сайлау», «Жұмыс жоспарын құру» және «Жастар бастамашылдығы орталығының 2012 жылы атқарған жұмысы туралы» есебін тыңдау.

Барлық депутаттардың қолдауымен жастар мәслихатының хатшысы болып «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының орынбасары Н.Наурызбаев сайланды. Одан әрі қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбайдың ұсынған кеңестерін ескере отырып, жастар мәслихатының биылғы жылға арналған жұмыс жоспары құрылды. Онда денсаулық сақтау, білім беру, жастар арасындағы құқықбұзушылық, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы сияқты сұрақтар қамтылды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша жастар бастамашылдығы орталығының директоры Ж.Алгаринова баяндама жасады. Өзі басқаратын орталықтың атқарған жұмысы мен алдағы уақытқа жоспарлаған іс-шаралары жайында мәлімет берген соң, баяндамашы депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сессия соңында қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай жас депутаттарға алдағы жұмыстарына сәттілік тілеп, естелік сыйлықтар тапсырды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.