Мезгіл мәселелері қаралды

Өткен аптадағы тұрғындар денсаулығын қорғауға байланысты Үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысын қала әкімінің орынбасары, аталмыш кеңестің төрайымы М.Мәдиева ашып жүргізді. Отырысқа кеңес мүшелері мен қаралатын мәселеге қатысты тұлғалар қатысты.

Күн тәртібінде «2012 жылдың қорытындысы бойынша Сәтбаев қаласында туберкулез ауруға шалдығу жағдайы және 2013 жылға арналған міндеттер»; «АИТВ инфекциясы және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар бойынша эпидемиялық жағдай туралы»; «2012 жылдың қорытындысы бойынша салауатты өмір салтын қалыптастыру және негізгі әлеуметтік мәні бар аурулардың деңгейін төмендету бойынша санитарлық-ағарту жұмыстарын тиімді жүргізу туралы» мәселелер қаралды.

Бірінші сұраққа орай Жезқазған қаласы туберкулезге қарсы диспансері емханасының меңгерушісі М.Оразбекова есеп беріп, шешілмей келе жатқан проблемаларын жеткізді. Туберкулезбен ауыру көрсеткішінің 2011 жылдың деңгейінде қалғанымен, одан қайтыс болудың өсіп тұрғанын, санитарлық-ағарту жұмыстарында белсенділіктің аз екендігін айтты. Аурулардың мекенжайын анықтауда полициямен бірлескен жұмыстың да кейде нәтижесіз аяқталатынын қынжыла айтты.

Келесі мәселеге байланысты ЖИТС орталығының бас дәрігері Г.Телбаева, тері-венерологиялық кабинеттің дәрігері Т.Қылышбаевтың хабарламалары тыңдалды.

Мәліметтерге қарағанда, жыныстық қатынастар арқылы берілетін аурулардың көрсеткіші төмендеген.

– Салауатты өмір салтын насихаттауда санитарлық-ағарту жұмыстар қала бойынша өз деңгейінде жүргізілуде, – деді келесі сұрақ бойынша сөз алған қалалық емхана директорының орынбасары Б.Үсембаева.

Кеңес отырысын қорытқан М.Мәдиева жауапты тұлғаларға жұмысты жақсартудың жаңа жолдарын табуды, аурудың алдын алуды кеңінен насихаттауды тапсырды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.