Жеңіс тұғырына көтерілді

Кенді қаланың қырық жылдық мерейлі мерекесі мен Кеңес әскерлерінің Ауған шекарасынан шығарылғанына 24 жыл толуына орай Жезқазған кентінде орналасқан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен грек-рим күресінен қалалық ашық біріншілік өтті.

Бұл біріншілікке Жезқазған қаласының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және спорттық сауықтыру кешенінің және осы спорт мектебінің тәрбиеленушілері, жалпы саны 121 жас спортшы қатысып, күш сынасты.

Біріншілікке 1997-99 және 2000 жылдан төмен жас күресшілер 18 салмақ дәрежесінде боз кілемде белдесті.

Бұл жарыста сәтбаевтық жас күресшілердің тасы өрге домалады. Әсет Амангелді, Досбол Құрманғали, Асылбек Әбдіхалық, Мұхамбетәлі Сапаров, Азамат Баязитов, Алексей Лукинов, Бекзат Махамбетов, Виктор Гилевич сынды жас палуандарымыз өз салмақ дәрежелерінде І орынды жеңіп алып, біздің қалада грек-рим күресінің жоғары деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті.

Бәйгеде оза шыққандар ұйымдастырушылардың атынан марапатқа ие болды.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.