Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтқан кеш

Пайғамбарлар төресі, соңғы елші Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) Ислам дінінің өркен жайып, дамуына қосқан үлесіне баға жетпейді. Ұлы елшінің туылған айы – Мәуліт айында оның өмірі мен өнегесін насихаттау мақсатында бірнеше жылдардың көлемінде елімізде діни іс-шаралар өтіп келеді. Өткен жұма күні Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы Жезқазған аймақтық өкілдігіне қарасты Сәтбаев орталық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіттің ұйымдастыруымен Мәуліт айына арналған салтанатты кеш өтті.

Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылған кешке қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай және қала жұртшылығы қатысты.

Кеш басталардан бұрын орталық мешіттің наиб имамы Х.Мырзагелдиев құран оқыды. Оңтүстік Қазақстан облысы орталық мешітінің ұстазы, Кари Зият Шамшидинов және Ахмет ишан Оразайұлы атындағы Жезқазған орталық мешітінің азаншысы Ержігіт Досымбаев, Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Хамит Мырзагелдиев Пайғамбарымызға сәлемдер мен мақтаулар айтты.

Республикалық ақындар айтысының бірнеше сыйлықтарының иегері, айтыскер ақын Төлеген Жаманов арнау айтса, Жезқазған музыкалық колледжінің ұстазы Жалғас Сәдуақасов күмбірлете күй тартты.

Жиналған қауымды қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева мерекемен құттықтады.

Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің бас имамы Бақдаулет қажы Абдрахманов Пай-ғамбарымыздың өнегелі өмірі жайында сыр шерте келе, діни іс-шараларға қолдау көрсетіп жүрген бір топ азаматтарды марапаттады. Мешіт ұжымының алғыс хатымен қала әкімі Батырлан Ахметов, жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнының директоры Еркін Жұмабеков, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай және т.б.азаматтар марапатталды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) жастайынан жетімдіктің ащы дәмін татып өскен. Жолында кездескен жетімдерді жебеген. Пайғамбарымыздың осы бір қасиетін ашып көрсету мақсатында «Алғабас» жастар театрының актерлері көрініс қойды. Кеште оқушылар сарайының оқушылары Мақсат Қанатұлы, Төлеу Халифа, жас әншілер Дина Садырбекова, Мұстафа Қалдар, Айбосын Мұсаев діни әндер орындады.

«Алғабас» жастар театры қазіргі қазақ отбасындағы келін мен ененің арасындағы шынайы қарым-қатынасты, имандылықты бейнелеген «Бақытыңды бағала» атты көріністі көпшіліктің назарына ұсынды.

Рухани кештің шымылдығын Салтанат Серкебаеваның орындауындағы «Отан» әні жапты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.