Мәселесін жеткізді

Әр сәрсенбі күні қала әкімі Батырлан Ахметов қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Өткен сәрсенбідегі қала әкімінің қабылдауына Қ.Кентаев көшесі, 27 үйдің тұрғыны Сара Ахметова келіп, бірқатар мәселелерінің түйінін шешіп беруді сұрады.

ІІ топ мүгедегі Сара апай бірнеше жылдан бері тұрған үйінің астынан су шығып, тіпті жазда бау-бақша егуге мүмкіндіктің жоқтығын жеткізді. Батырлан Дүйсенбайұлы бұл мәселенің жақын арада шешілетінін түсіндіріп, суды насос арқылы тартып, құрғатамыз деді.

Сонымен қоса, Сара апай қала басшысынан көшелеріне кәріздік құбыр тарту мәселесіне де ықпал етуін сұрады. – Қазіргі күні бір салалы қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша жер үйлерге кәріздік құбыр тарту, жол салу мәселелері қолға алынды. Қ.Кентаев көшесіне де кәріздік құбыр тарту биылғы жылға жоспарланып отыр. Сметалық құжаты да дайын. Тек қаржы бөлінсе, кәріз тарту жұмысы басталады, – деді әкім Б.Ахметов.

Апай үйден шығатын тұрмыстық қалдықтарды қоқыс жинайтын көліктер уақытылы әрі аптасына екі рет алып тұрса деген де ойын айтты.

Қала басшысы Б.Ахметов қабылдауға келген апайдың мәселелерінің шешілетінін және олардың жүзеге асуын өз бақылауында ұстайтындығын жеткізді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.