Ақсақалдармен кездесті

«Тон – жағасыз, ел ағасыз болмас» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Қай заманда болмасын елдің ағасы болған, елі құрмет тұтқан ақсақалдарымыздың еңбегі кейінгі буынға үлгі, ақыл-кеңесі құнды. Жақында қала басшысы Батырлан Ахметов бір топ ақсақалдарды қабылдап, өзі қала билігін қолға алған бір жыл ішінде атқарған жұмыстарымен таныстырып, алдағы жүзеге асырылатын бағдарламалардың жайын аға буынмен бөлісті.

– Алдыңғы ағаларымыздың, әкелеріміздің ақыл-кеңестері мен бай тәжірибелерін естіп, айтар ұсыныстарыңызды тыңдасақ деген мақсатпен бүгінгі кездесуге шақырып отырмыз, – деді қала әкімі Б.Ахметов.

Батырлан Дүйсенбайұлы биылғы жылы кеншілер қаласын біраз жағымды жаңалықтардың күтіп тұрғанын ақсақалдарға жеткізді. Атап айтар болсақ, бір салалы қалаларды дамыту бағдарламасының негізінде кеншілер қаласының орталық алаңы жаңа келбетке ие болмақ. Қаланың қырық жылдық мерейлі мерекесінің қарсаңында ұлы академик Қаныш Сәтбаевтың асқақ ескерткіші қаламызда бой көтеретінін және тағы басқа істердің жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Кездесуде соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Шермұхамбет Байбосынов, қаланың Құрметті азаматы, Ақсақалдар алқасының төрағасы Мұзараф Аханов, Кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Алаш Тұрлыбек, еңбек ардагерлері Сатыбалды Сағындықов, Сабыр Омаров, энергетика саласының майталманы Жайық Мұңсызбаев Батырлан Дүйсенбайұлына қала өміріне қатысты деген жайттарды бірге талқылап, ағалық ақыл-кеңес алуға өздерін шақырғаны үшін рахметін айтып, түйінді мәселелерді ортаға салды.

Ақсақалдар қалаішілік жолдардың, әсіресе, шығыс аудандардағы жолдардың жағдайы сын көтермей тұрғанын, қоғамдық көліктердің жүргізушілерінің жолаушыларға қызмет көрсету сапасы төмен екенін, банктерге зейнетақысын алуға барған соғыс ардагерлері кезекте көп тұрып қалатын жағдайлар кездесетіндігін, кейінгі буын жастардың тәрбиесі мен тіл мәселесі алаңдататындығын жеткізді. Сондай-ақ, қаламыздағы саябақтарда орнатылған белгі, ескерткіштердің бұзақылар қолынан бұзылып, жас егілген талдардың сынып жататындығы мен суарылмайтындығы айтылды.

Кездесуде аға буын өкілдері қазіргі күні «қазақ ауыл» аталып кеткен қаланың шығыс бөлігіндегі жер үйлердің маңайындағы қоқыстардың жиі алынбай жататындығы көзге түсіп жүргеніне қынжылыстарын білдірді. Сонымен қатар, былтырғы жылы ашқан «Кеншілер Даңқы» саябағының маңын әлі де болса абаттандыру жұмыстары жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныстарын ортаға салды. Ақсақалдар қаланың болашағы үшін алаңдайтындықтарын жеткізді. Дәрігерлік-санитарлық бөлімшесінің келешектегі жағдайын, ондағы жарақат бөлімінің «Самсунг» медициналық орталығына көшірілуі негізсіз екенін, осы мәселеге қала басшысы араша болып, бөлімшенің осы қалада қалуына ықпал жасалсын деді.

Қазына қарттарымыз Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері Жақсыбек Үншібаевтың есімін қала мектептерінің біріне берсе, Социалистік Еңбек Ерлері Ғазиз Омаров пен Демберген Баймағамбетовке көше аттары берілсе деген ұсыныстарын да жеткізді.

Қала басшысы Батырлан Ахметов ақсақалдардың көтерген мәселелері алдағы уақытта шешімін табатынын айтты.

Қала өміріне қатысты өзекті мәселелер талқыланған кездесу соңында ақсақалдар қала басшысының алдағы істеріне сәттілік тіледі.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.