Аймақтық өкіл ұжымдарда болды

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы арқылы тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмысы бүгінгі күні қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

Бұл мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі мен ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында арнайы кездесулер ұйымдастырылуда. Осындай кездесудің бірі жақында Сәтбаев қаласы емханасында да болып, дәрігерлер қауымына бағдарламаның басты бағыттары мен мүмкіншіліктері туралы айтылды.

Жастар бастамашылдығы орталығы ұйытқы болған жиынға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның аймақтық өкілі Гүлден Оразбекова қатысты. Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету ісін жедел әрі тиімді жүргізу жолында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде Г.Оразбекова толық мағлұмат берді.

– Президентіміз «Елімізде жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілуде. Алайда біз жарты миллионнан астам жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл үшін жалға берілетін тұрғын үй алаңын 1 миллион шаршы метрге жеткізу қажет. Ұзақ мерзімді жалға беруде сатып алынатын және сатуға жатпайтын екі түрлі жолды қарастыру қажет. Оған қоса жалға алғаны үшін жасалатын төлем әл-ауқаты орташа отбасы мүмкіндігіне сай болуы тиіс. Соның бәрін «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы анық көрсетеді» деген болатын. Осыған орай, Елбасының Жолдауында жүктелген міндеттердің мәні мен маңызына үңілу үшін біз осындай кездесулер өткізудеміз.

«Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасының алғашқы жобасына үйлерді таратудың жаңа тетіктері енгізіліп отыр. Оның бірі – жас отбасылар үшін баспана салу. Оған сәйкес, жастар 4 санаттағы үйлерді бір шаршы метрі үшін 80 мың теңгеге ала алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы іске асатын осы жүйе аясында несиенің 4 пайыздық мөлшерлемесі қарастырылған, – деді банктің аймақтық өкілі.

Осындай кездесулер №16 жалпы білім беретін орта мектеп пен қалалық ішкі істер бөлімі ұжымымен де өткізілді.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.