Атқарылған істер сараланды

Өткен жұма күні облыс әкімі Бауыржан Әбдішев өзінің тұрғындар алдында қорытынды есебін берді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Төлеген Исмаилов, Парламент Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ, қалалар мен аудандардың әкімдері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партиялардың, діни конфессиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жезқазған қаласындағы С. Қожамқұлов атындағы музыкалы драма театрында онлайн жүйесі арқылы өткен есепке Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының өкілдері де қатысып, өздерін толғандырған мәселені көтеріп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Облыс әкімі өзінің есепті баяндамасында 2012 жылдың тәуелсіз Қазақстан тарихында айрықша маңызға ие болған оқиғаларға толы болғандығын атап өтті.

Осыдан кейін Бауыржан Әбдішев аймағымыздың 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының кейбір тұстарына нақтырақ тоқталды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім 2 трлн. 424,9 млрд. теңгені құрап, жан басына шаққанда 1,8 млн. теңгеден келді.

Үдемелі индустриалдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 8 млрд. теңгеден асатын 9 жоба жүзеге асырылды. Биылғы жылға Индустрияландыру картасы шеңберінде жалпы сомасы 60 млрд. теңгеден асатын 11 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағын дамыту жұмыстары да жүйелі жүргізілді. Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймаққа қатысушы құқын 53 компания иеленіп отыр, олардың инвестициялық портфелі 2 млрд. доллардан асады. Қысқа мерзімде барлық инфрақұрылым құрылысы аяқталып, есептік кезеңде 1 компания жобалау және құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. 2013 жылға тағы 5 жобаны кірістіру көзделіп отыр. Инновациялық қызметті дамытуға ең басты серпін беретін шара – ол халықаралық «EXPO-2017» көрмесіне қарағандылық кәсіпкерлердің дайындығы мен қатысуы болмақ.

Тұрғын үй мәселесін шешуге баса көңіл бөлінді. Өткен жылы облыста 270 мың шаршы метр үй іске қосылды, оның ішінде елу мың шаршы метрі «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылған. Биылғы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша үш жүз мың шаршы метрден аса тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңір басшысы бұл бағытта Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында да ауқымды істердің жүзеге асырылатынын атап өтті.

«ТКШ жаңғырту» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарына айрықша назар аударылды. 2012 жылы Теміртау, Балқаш, Саран, Абай және Сәтбаев қалаларында көпқабатты тұрғын үйлердің жөндеу жұмыстары аяқталды. Дегенмен, өңірдің тұрғын үй қорының 40% астамы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Сондықтан, биылғы жылы жаңғырту жұмыстарының қарқынын үш есеге дейін күшейтіп, 100-ден аса үйлерді жөндеу көзделіп отыр.

«Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 2 млрд. теңгеден аса қаражатқа аулалар абаттандырылды, балалар алаңқайлары орнатылып, көше жарықтары қалпына келтірілді.

Өз сөзінде облыс әкімі елді мекендерді жылумен қамтамасыз етуді жақсарту, энергия тапшылығын төмендету, тариф саясатын жетілдіру, автожолдарды жөндеу, туристік кластерлерді дамыту мәселелеріне тоқталды.

Мемлекеттік «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының негізгі индикаторларына қол жеткізілді. Бала туу 3% артты, өлім көрсеткіші 1% төмендеді, облыс тұрғындарының табиғи өсімі 8% артты. Ағымдағы жылы денсаулық сақтаудың жиырма бес мекемесіне 1 млрд. теңгенің қымбат құрал-жабдықтары сатып алынады. Жаңа медициналық мекемелер іске қосылады.

Облыс әкімі қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, ұлтаралық келісімді нығайту, тіл саясаты, діни экстремизмге қарсы күрес, қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелеріне де жан-жақты тоқталып өтті.

– Атқарушы биліктің күнделікті жұмысында жұртшылықпен байланыс ерекше орын алады. Себебі, азаматтардың өтініштері арқылы тұрғындардың өзекті мәселелері туралы жан-жақты ақпарат алынады, – деді облыс әкімі.

Өткен жылы облыс әкімдігіне азаматтардан 2020 өтініш келіп түскен, облыс басшылығының жеке қабылдауында 143 адам болды. Өтініштерді талдау қорытындысы тұрғындар үшін баспана, шешімі қалалық және аудандық әкімдіктердің, департаменттер мен басқармалардың құзырындағы коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы мәселелер басты маңызға ие екендігін көрсетті. Бұл аталған мемлекеттік органдар жұмысында кемшіліктердің бар екендігін байқатты, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Ол сондай-ақ, өткен жылдың қараша айында ел Президентінің өз Жарлығымен жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасын бекіткенін айтып өтті.

– Бұл селолық деңгейде басқару сапасын арттырып, азаматтардың жергілікті мәселелерді шешуге тікелей қатысуына мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы селолық әкімдердің сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Осыған сәйкес биыл аудандық мәндегі қалаларда, селолық округтерде, жекелеген ауылдарда сайлау науқаны өткізіледі. Қарағанды облысында жаңа жүйе бойынша селолық әкімдердің 90 проценті сайланатын болады, – деді облыс әкімі сөзінің соңында.

Кездесу соңында облыс басшысымен онлайн жүйесі арқылы тікелей тілдесуге мүмкіндік алған өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берілді. Мұндай мүмкіндікке Балқаш, Приозерск, Жезқазған, Сәтбаев қалаларының, Ақтоғай, Қарқаралы, Нұра және Ұлытау аудандарының өкілдері де ие болды.

Мәселен, Жезқазған қаласына қарасты Талап ауылының тұрғыны облыс әкіміне ауылда балалар алаңының аздығын айта отырып, балалардың бос уақытында демалып, спортпен шұғылдануына жағдай жасау үшін жаңа үлгідегі ойын алаңдарын салуға ықпал етуін сұраса, Сәтбаев қаласының тұрғыны қаланың шығыс ауданында жолдың нашарлығын, көктем, күз айларында адам тұрмақ автокөліктердің жүруі мұң болатынын айтып, жолды жөндеуге ықпал жасауын сұрады.

Облыс басшысы бұл сауалдарға орай қала әкімдерін тұрғызып, тұрғындар өтінішін қанағаттындыруды тапсырды.

Жалпы, кездесу барысында қойылған сұрақтар негізінен автожолдарды жөндеу, ұстап тұру, баспана, коммуналдық қызмет сапасы, энергия үнемдеу, шағын және орта бизнесті дамыту және өзге де өзекті мәселелерге қатысты болды. Олардың әрқайсына облыс әкімі жан-жақты жауап берді.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.