Зергердің шеберлігін, ұстаның ұстамдығын көрсеткен көрме

Ата-бабаларымыздың күн көрісі мен тұрмыстық қажетіне жараған зергерлік, ұсталық, ұлттық киім тігу сынды қасиеттер қазіргі кезеңде өнердің асқақ шыңы болып отыр. Ұлытау аймағы – ұлттық қолөнердің қаймағы бұзылмаған өңір. Бірнеше жылдың көлемінде осы қолөнершілеріміздің мұраларын дәріптеу мақсатында қаламызда дәстүрлі көрме өтіп келеді.

Ш.Ділдебаев атындағы мұражайдың директоры Гүлсара Жиеналиеваның ұйытқы болуымен биыл да Ұлытау аймағының, Жезқазған және Сәтбаев қалалары мен Жезді кентінің шеберлері өзінің және ата-бабаларының қолынан шыққан бұйымдарын көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл жолғы көрме-жәрмеңке кенді қаланың қырық жылдығына арналды.

Апта басында ашылған бұл көрме наурыз айының жиырмасына дейін өз көрермендерін күтеді.

Көрменің ашылу салтанатына жиналған көпшілікті көктем мерекесімен және көрменің ашылуымен құттықтаған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Қ.Төлеш, Г.Жиеналиева ұлттық өнеріміздің сарқылмай, ұрпақтан ұрпаққа жете берулеріне тілектестігін білдірді. Гүлсара Қоңырбайқызы өз кезегінде осы ұлттық өнерді дәріптеуде атсалысып жүрген қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөліміне, шеберлерге алғысын білдірді.

Бұл көрмеге сан-алуан түстермен көз қызықтыратын қыз жасаулары, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, тоқымашылардың қолынан шыққан бұйымдар мен кәде-сыйлар қойылды.

Он саусағынан өнер тамған қолөнершілеріміздің басым көпшілігі ел арасында танылып жүрген жандар. Атап айтар болсақ, ұлттық киім тігуде, оны ою-өрнекпен өрнектеуде өзіндік қолтаңбасы бар Лиза Бөлекбаева, киізден ұлттық киім тігудің хас шебері Күләш Сейтқызы, Қытай Халық Республикасынан келген Гүлсім Дәуіт апаларымыздың бұйымдары жиналған көпшіліктің таңдайын қақтырды. Ал, Жезді өңірінде өмір сүрген ұста, зергер Бостыбайдың ұлы Бектұр ақсақал әкеден қалған күміс жүген, ер адам киетін саптама етік пен әйел адамға арналған шоқайма етікті көзінің қарашығындай сақтап, осы мұражайға тапсырыпты.

Сондай-ақ, орта буын өкілдерінен шығып келе жатқан қолөнершілердің де туындылары көрмеге сән берді. Жезқазған қаласында тұратын Сағыныш Битенова қыз жасауын көремеге қойса, өнер мектебінің ұстаздары Жұмакүл Бакирова, Айнаш Құрманқұлова, Эмма Артестің туындылары ерекше назар аудартты. Соңғы жылдары тоқыма өнерінің қыр-сырын меңгеріп, қолынан шыққан туындылары қала тұрғындарын тәнті етіп жүрген Шолпан Мужикенова да әр түрлі жанрдағы бұйымдарын көрмеге әкеліпті.

«Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихи мұражайының» қорында сақталған көне бұйымдар да көрмеге қойылды.

Аса талғам мен төзімділікті қажет ететін өнердің бұл саласы ұрпақ санасына сіңіп жатса, ұйымдастырылған көрменің нәтижесін бергені деп білеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.