Абай мен Бальзак сөйлеген тілдерді қатар меңгерген

Бұл кісіні қай қырынан алып қарасаңыз да мақтауға тұрарлық. Өзінің саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған, еңбегімен де, тағылымды тәжірибесімен де көпке үлгі болып келе жатқан жан. Сондықтан да бүгінгі гүл көктемнің алғашқы мерекесі – аналар мейрамы қарсаңында біз елге Гүлекеңді – Гүлнара Қасымханқызын шама- шарқымызша таныстырып көруге тырыстық.

Бірінші сыр

Адам бала жасында арманшыл болады ғой. Тұлымшағы желбіреген кішкене қыз Гүлнара да сол балғын күндерінде әртүрлі мамандықтың иесі болуды армандаған шығар. Онысы есінде жоқ. Бірақ, 6 сыныптан бастап болашақта кім боларын нақтылы бағамдап, бекітіп те қойды. Оған сол жылдары сабақ берген француз тілінің мұғалімі Ділдаш Битуова түрткі болды.

– Қазір қайдам, біздің тұсымызда қыздар көбіне мектептегі мұғалімдерімізге көп еліктейтінбіз. Олардың киім киісіне, жүріс- тұрысына қарап солардай болуға тырысатынбыз. Біз үшін ең зиялы қауым – ұстаздар болатын.

Әлі есімде, 6 сыныпта біз шет тілін оқитын болдық та, бізге Ділдаш Битуова деген мұғалім сабақ беретін болды. Шет тіліне қызығушылық менде сол кезден бастап оянды. Француз тілінің өзге тілдерге ұқсамайтын ерекшелігі мені өзіне баурап алды. Сол күннен бастап мен француз тілі кітабын басыма жастанып жататын болдым. Әрине, өз ана тілім – қазақ тілін басқалардан жоғары қойдым, – дейді Гүлнара апай өзінің француз тіліне деген «махаббатының» қалай оянғаны жайлы айта отырып.

1973 жылы онжылдықты тәмамдап, қолына аттестатын алысымен Гүлекең шет тілдері факультетіне құжаттарын тапсырды. Әрине, оқуға түсу де, оны оқып бітіру де оңай болған жоқ. «Білім – инемен құдық қазғандай» дейтін сөздің астарын Гүлнара сонда алғаш сезінді. Қазақша білім алып, қазақы ортада өскен қызға француз тілі тұрмақ, орыс тілінің өзі қиынға соқты. Бірақ, жастайынан қайсар, алғыр болып өскен қаршадай қара қыз бұған мойымады. Қайта қайраттана түсті. Қолы қалт ете қалғанда кітапханаға барып орыс, француз тілдеріндегі әдебиеттерді алып оқыды. Оқығанда да оның қазақша аудармалары барын іздеп тауып оқыды. Бұл шет тілдерін еркін меңгеруіне үлкен көмегін тигізді де. Түсініксіз сөздердің орысша, одан кейін қазақша аудармаларын оқып, санасына сіңіре білді. Бүгінде соның жемісін көріп отыр.

Екінші сыр

Институтты бітіруге тақаған сайын Гүлнарадан тағат кете бастады. Оған да негіз жоқ емес. Кішкентайынан ауылдан, ата-анасының қасынан ұзап көрмеген, қырық үйден тиым алып тәрбиеленген қыз бала үшін өзіне бейтаныс жерге барып жұмыс істеу мүмкін еместей көрінетін. Өйткені, ол кездері жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар міндетті түрде жолдамамен елдің түкпір-түкпіріне жіберілетін.

Гүлнараның бағына қарай шалғайдағы ауыл емес, шағын да болса келешегі зор өндіріс ошағы болып отырған Жезқазған өңірі, оның ішінде Весовая поселкесіне жолы түсті.

– Несін жасырайын, осы жерді алғаш көргенде қайда тап болдым деп ойлаған едім. Қаңбақ жортса тоқтар бұта жоқ иен дала. Жезқазған, Сәтбаев (ол кезде Никольский) қалалары енді-енді қанат жайып келе жатыр еді. Облыстық білім бөлімі мені Весовая поселкесіндегі №10 мектепке жіберді. Бұл өндірісті өңірдің шетінде жатқан шағын поселке екен. Менің ұстаздық ұзақ жолым сол жерден басталды, – дейді Гүлнара Қасымханқызы өзінің алғаш еңбек жолы жайлы әңгімелей келе.

Әуелде үрке қарағанымен, жас қыз бұл өңірге тез бауыр басып кетті. Мектеп ұжымы жас маманды құшақ жая қарсы алды. Мектептің сол жылдардағы директоры Күлән Бөлтірікова мен оның орынбасары Бибіайша Қойсарина қамқорлық танытып, барлық жағдайды жасады.

«Жас келсе іске…» деген. Жас маман жұмысқа құлшына кірісті. Шәкірттеріне шет тілін оқытудың түрлі тәсілдерін тиімді пайдаланды. Оқушылары тез ұғып алу үшін сабақты диалог, ойын түрінде өткізді. Бұл балалардың сабаққа қатысуға қызығушылығын да оятты. Оның бұл ісі мектеп басшыларының да көңілінен шықты.

Гүлнараның қанына сіңісті болған қасиеттердің бірі – оның аңғарымпаздығы еді. Сондағы байқағаны – қалада да, поселкеде де орыс тілінің белең алып тұрғаны. Енді оның ойына орыс тілді сыныптарға қазақ тілінен сабақ беру кірді. Жатса да, тұрса да осы ой жиі мазалай беретін. Сол ойдың жетегімен ол қалалық білім бөліміне келді. Ондағы басшыларға өзінің арманын жайып салды. Олар да мұны құптады. Өзінің сабақ беру тәсілдерімен, тың тәжірибелерімен таныла бастаған ұстазды қолдап, оны осы поселкедегі №12 мектепке қазақ тілі пәнінің мұғалімі етіп ауыстырды. Жалпы, Гүлнара Қасымханқызы Весовая елді мекеніндегі екі мектепте 17 жыл жұмыс істеп, орыс және француз тілдерінен сабақ берді.

Үшінші сыр

Бұл екі мыңыншы жылдардың басы болатын. Ол кезде «Шарайна» газетінің редакциясы бұрынғы қалалық атқару комитетінің ғимаратында орналасқан-ды. Компьютер орталығы бір кабинетте, журналистер бір кабинетте отыратын. Бір күні журналистер отыратын кабинеттің табалдырығын имене аттаған бәкене бойлы, қараторы келіншек амандық-саулықтан соң келген шаруасын баяндай бастады.

– Мен қазақ тілінің мұғалімі едім. Егер мүмкіндік болса газеттен «Қазақ тілін үйренейік» деген айдар ашып, сабақ жүргізсем деген ойым бар еді. Кіммен кеңессем екен, – деді биязы үнмен.

Сол жылы «Шарайнаның» соңғы бетінен қос баған беріліп, «Қазақша үйренейік» деген айдар ашылды. Оған газет оқырмандарының да қызығушылығы артты. Әлдебір себептермен айдар шықпай қалса оқырмандар редакциямызға қоңырау шалып, сұрап жататын.

Гүлнара Қасымханқызы газетте де, орыс сыныптарында да қазақ тілін оқытудың түрлі әдістерін ойлап тапты. Оның ізденімпаздығы, іскерлігі өз нәтижесін берді де. Сол кездердегі мұғалімдердің төл басылымдарының бірі «Қазақстан мектебі», «Қазақстан мұғалімі» журналдарына Гүлнара Қасымханқызының орыс сыныптарында қазақ тілін оқыту әдістері жиі жарияланып, тәжірибесі тұтас республикаға таратылды.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, 17 жыл Весовая елді мекеніндегі екі мектепте еңбек етіп, тәжірибесі толысқан ұстазды қалалық білім бөлімі қала орталығындағы №19 мектепке ауыстырды. Бұл жерде ол он жылдан артық еңбек етті. Қазір үш жылдан асып барады Сәтбаев қаласындағы маңдайалды білім ордасы – №4 Абай атындағы мектеп-лицейінде орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ береді.

Гүлекең туралы айта берсек әңгіме көп. Оның қоғамдық жұмыстардағы орнының өзі бір мақалаға арқау боларлықтай. Қаламыздағы «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі, шынайы тіл жанашыры. Қаламыздағы «Ақ әжелер» ансамблін құрушылардың бірі.

Міне, Ұлы Абай мен Оноре де Бальзак сөлеген тілдерді қатар меңгерген тәжірибелі ұстаз Гүлнара Қасымханқызы туралы қысқаша үш үзік сыр осындай.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.