Қауіпсіздік техникасы сөз болды

Кәсіподақ комитеттерінің мәжілістерінде өндіріс басшылары мен жетекші мамандардың есебін тыңдау бүгінде басты назарда. Мәселен, жақында Оңтүстік Жезқазған кеніші бастауыш ұйымының кәсіпкомы қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуге байланысты кеніштің бас инженері Н.Мырзабековтың есебін тыңдады.

Бас инженердің баяндауынша, бүкіл «Қазақмыс» корпорациясы тәрізді кеніште де қауіпсіздік техникасын сақтауға қырағылық көрсету ерекше қолға алынған. Әрбір кен бұрғылаушы бұл талапты жақсы біледі. Кәсіподақ белсенділері болып табылатын қауіпсіздік техникасы жөніндегі қоғамдық инспекторлар қырағылық танытуда. Есімдерін аса ризашылықпен айтуға боларлық қырағы көздер көп-ақ. Нұрлан Мырзабеков жайттарға тоқтала келіп, еңбекті қорғау мәселесі инженер-техникалық қызметкерлерден қатаң талап етілетіндігіне тоқталды. «Өткен бір жыл мерзім ішінде кеніш бойынша олардың 7-еуі жұмыстан шығарылды. Олардың басымының жұмыстан кетуіне қауіпсіздік техникасын қамтамасыз етуде біліктілік таныта алмауы түрткі болды» деді бас инженер өз есебінде.

Кәсіпком мүшелері кеніш бас инженері Н.Мырзабековтың есебін тыңдау барысында жазатайым оқиғалардың орын алуы азаймай отырғанына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, жыл енді ғана басталса да қазірдің өзінде 2 адамның өмірі қиылғаны дабыл қағарлық-ақ. Бұл реттегі өзінің ой-тұжырымын ортаға салған бас инженер адами факторға, яғни өз іс-әрекетіне немқұрайлықпен қараушылыққа көп жайт қатысты екенін нақты мысалмен түсіндірді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Абзал Жаңабергенов мәжіліс күн тәртібіндегі бұл мәселені талқылауды қорытындылау барысында үлкенді-кішілі орын алған тәртіп бұзушылықтың қай-қайсына болмасын кеңінен талдау әрбір еңбек адамының назарын аударатындығын баса айтты. Осы талдау-сараптау жұмысын күнделікті ұтымды ұйымдастыру кеніш инженер-техникалық қызметкерлер мен қоғамдық инспекторлардың басты міндеті болып табылмақ.

Ш.Ибадатов, Жезқазған кәсіподақ ұйымының баспасөз хатшысы.

Комментарии закрыты.