Жамал Омарова: «Теміржолшылар» клубы тәрбиенің темірқазығына айналады»

Гүл көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында біз іргелі ұжымдарды басқарып отырған нәзік жандылар жайлы жазуды жоспарлаған едік. Осы орайда атбасын тіреген мекемеміз Весовая елді-мекеніндегі «Теміржолшылар» клубы болды.

Қаламыздан жырақ жатқан, келешегі бұлыңғыр бұл елді-мекенде жұртшылықтың рухани демалыс орны болып отырған бірден бір мәдени ошақ – осы «Теміржолшылар» клубы. Оның сырт келбеті, бітім-болмысы кешегі жылдары айдарынан жел ескен айтулы орын болғанын аңғартқандай. Бірақ, кешегі оңтайландыру жылдары оны да тұралатып тастаса керек. Жоқ, таза құлады деуден аулақпыз. Қайта, қазіргідей сананы тұрмыс билеген заманда бұл мәдениет ошағы осындағы елдің рухани жан азығын алар орнына айналған. Міне, осы іргелі ордаға бүгінде Жамал Омарова жетекшілік етеді.

– Жамал Доскенқызы, сізді 8 наурыз – аналар мейрамымен және аймағымыздағы маңдайалды мәдениет ошағына директор болып тағайындалуыңызбен құттықтаймыз.

– Рахмет. Әрине, бұл мен үшін үлкен мәртебе және үлкен сенім. Маған сенім артқан екен, оны ақтау парызым деп білемін. Осы жолда қолымнан келгеннің бәрін сарқа жұмсаймын деп ойлаймын.

– Сізді өнерсүйер қауым әнші ретінде жақсы білетін. Енді басшылық қырыңыздан да танығалы тұр. Осы бағытта жұмысыңызды неден бастағалы отырсыз?

– Менің басты мақсатым, «Теміржолшылар» клубын мәдениет пен тәрбиенің темірқазығына айналдыру. Оған мұнда барлық мүмкіндіктер бар. Осы бағытта қалалық мәдени-сауық орталығының басшылығымен жанды жұмыстар жүргізетін боламын.

Жалпы, бұл клуб бұған дейін де үлкен жұмыстарымен танылған орта. Сондықтан оны дамыту бағытында маған көп күш түсе қояды деп ойламаймын. Қазірдің өзінде мұнда би, хор, жас актерлар театры, домбыра, ән үйірмелері жұмыс істейді. Бұл үйірмелердің бәрінде өз жетекшілері бар. Үйірмелердің әрқайсында ең аз дегенде 5 адамнан қатысады. Ал, хорда 16 адам, ән үйірмесінде 15 адам, жас актерлар театрында 10 адам бар. Келешекте олардың жұмысының жандануына жағдай жасау, материалдық жағынан қолдау, көмек көрсету мәселесі күн тәртібінде тұр.

– Күн тәртібінде бұлардан басқа қандай ауқымды шаралар бар? Алдағы жоспарларыңыз жайлы айта отырсаңыз.

– Жоспар ауқымды. Әлгінде айттым ғой, «Теміржолшылар» клубы тәрбиенің темірқазығына айналады» деп. Тәрбие дегеніміз – мәдениетті демалу, жұртшылықтың бос уақытын мазмұнды өткізуге ұйытқы болу. Осы мақсатта күн жылысымен клуб алдында «Көңілді әуендер» кешін ұйымдастыру, үрмелі аспаптар оркестрінің концертін өткізу, мерекелер мен демалыстарда мәдени шаралар ұйымдастыру жоспарда тұр. Бұлардың бәріне жергілікті тұрғындар кеңінен тартылатын болады.

– Жоғарыда айтқан үйірмелерге тек Весовая елді-мекенінің тұрғындары ғана тартылады ма, әлде?..

– Жоқ, тек Весовая елді-мекені емес, онымен қоңсылас жатқан Крестовский, Перевалка елді-мекендерінің жастары да қатысады. Тіпті, Сәтбаев қаласынан келіп қатысатын өнерлі жастар бар. Келешекте олардың қатарын көбейтетін боламыз.

– Өзіңіз келгелі мұнда қандай ауқымды мәдени-көпшілік іс-шаралар өткіздіңіз?

– Апта сайын өтетін би кештерін былай қойғанда, атаулы күндерге арналған мерекелік концерттер мен кездесулер ұйымдастырдым. Соның бірі ақпан айының 14 күні Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 24 жыл толу мерекесіне орай «Біз бейбітшілікті қолдаймыз» атты кездесу кеші. Оған Ауған соғысының ардагерлері, жерлес жауынгерлеріміз Қайролла Өтемісов пен Қуанышбек Таласбаев құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Ардагерлер жиналған жұртшылыққа 10 жылға созылған осы соғыстың жорық жолдары жайлы әңгімеледі. Ал, клуб үйірмелерінің мүшелері ардагерлер мен жиналған жұртшылыққа ән-жырдан шашу шашты. Кеш соңында біз ардагер жауынгерлерге ескерткіш сыйлықтар табыс еттік.

Екінші бір ауқымды шара күні кеше, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды. Мұнда біз негізінен осы клуб жанындағы «Самоцветы» ардагерлер хорына құрмет көрсеттік.

– Оқырмандарды осы хордың өмірбаянымен қысқаша таныстырып өтсеңіз?

– Жалпы, бұл хор 1984 жылы 23 ақпанда өмірге келген. Содан бері оның құрамы бірнеше рет алмасты. Денсаулықтарына орай кейбір мүшелері кетіп, олардың орындарын өзге өнерлі ардагерлер басып отырады. Мысалы, Анна Масакова, Александра Смолякова, Мария Лампель сынды әншілер ардагерлер хорының мүшелері.

«Самоцветы» хоры облыстық «Ардагерлер ән салады» байқауының 5 дүркін дипломанты болды. «Виват Казахстан – 2012» фестивалінің жүлдегері атанды. Бірнеше мәрте әртүрлі деңгейлердегі өнер жарыстарына қатысып дипломдармен, мақтау қағаздарымен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Хордың репертуары сан алуан.

– Әңгімеңізге көп рахмет.

Сұхбаттасқан Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.