Жезтаңдай әншілер бақ сынасқан

Ақпан айының соңы мен наурыз айының басында аймағымызға белгілі өнер кеші – «Ұлытау үні» фестивалі жиырма үшінші рет жалауын көтерді. Бұл дүбірлі додаға Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының бабы мен бағы келіскен өнерпаздары қатысты.

Айтулы ХХІІІ аймақтық «Ұлытау үні» фестивалінің екінші күнінде жан жақтан жиналған жезтаңдай әншілер кеншілер қаласында бақ сынасты. Сәтбаев қаласындағы Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында «Жұлдыз – 2013» байқауы өтті. Бұл дәстүрлі байқау кеншілер қаласында осымен екінші мәрте өткізіліп отыр.

Байқауға Жезқазған Сәтбаев, қалалары, Жәйрем кенті, Ұлытау, Жаңаарқа ауданы мен Талап, Кеңгір елді-мекендерінің күміс көмей әншілері қатасты. Кештің шымылдығын жезқазғандық жезтаңдай әнші Ырысты Рақымжанова ашты.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Жұлдыз» байқауында жеңіске жеткен бірқатар әншілер бүгінде өнердің үлкен белесінен көрініп, сахнада өнер көрсетіп жүргені үлкен мақтаныш. Талант иелерінің өнерін бағалап, болашағына жол ашатын фестивальдер мен байқаулардың жас өнерпаздарға тигізер пайдасы зор.

Байқауда өнер көрсеткен барлық үміткерлер нағыз әнші екендіктерін дәлелдей білді. Байқаудың қорытындысы бойынша үшінші орынды Талап және Жәйрем елді-мекенінен келген Азиза Аманжолова мен Серік Талғат өзара бөліссе, екінші орынды жезқазғандық Алтынай Төлегенова қанағат тұтты. Бірінші орынды Ұлытаулық Мерей Қайырбек қанжығасына байлап, бас жүлдені сәтбаевтық Салтанат Серкебаева жеңіп алды.

Байқауға қатысқан басқа үміткерлер «Үкілі үміт», «Костюм ерекшелігі», «Сахна шеберлігі», «Көрермендер көзайымы» номинацияларымен және белсене қатысқандары үшін арнайы дипломдармен марапатталды.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.