«Ашық есік күні» көптің көңілінен шықты

«Саламатты Қазақстан 2011-2015» Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес құрылған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында наурыздың 2-күні Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындары үшін «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Сәтбаев қаласы бойынша бұл бірмезгілдік акция «Лекерова» Отбасылық денсаулық орталығы мен «Сәтбаев қаласы емханасы» КМҚК ғимаратында өткізілді.

Кеншілер қаласының тұрғындарын скринингтік тексеру жүргізуге Қарағанды облыстық кардиология орталығы (ОКО) мен онкологиялық диспансерінен, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС «Самсунг» медициналық орталығынан, «Жүрек» ЖШС-нен, медициналық-санитарлық бөлімнен, Жезқазған қаласының емдеу мекемелерінен білікті де тәжірибелі мамандар келді. Емхана бойынша барлығы 365 ересек және бала қаралған болса, «Лекерова» ОДО бойынша 340 адам келіп, тексерістен өтті.

– Сенбі күні таңертеңгі сағат 9-дан басталған қабылдау 15.00-ден аса аяқталды. Келушілер өте көп болды. Барлығы да ризашылықтарын білдіріп, «енді қашан болады» деген тілектерін де айтып жатыр. Жалпы халық өте белсенділік танытты. Облыстан келген кариолог И.Вихренконың қабылдауында 23 адам, эндрокринолог Э.Уатаевада 29 адам, невропатолог Р.Тильманда 41 адам болып, тегін тексеруден өтумен қатар, құнды ақыл-кеңестер алды, – дейді Сәтбаев қаласы емханасы директорының орынбасары Б.Үсенбаева.

Қайырымдылық акциясы түрінде өткен шарада, әсіресе, қан тамыры аурулары мен әйелдер дәрігеріне келушілер көп болған. УЗИ, ЭКГ, рентген кабинеттерінің үздіксіз жұмыс істеуі арқасында сүт бездерінің, жатыр мойнының, жуан және тік ішектің жаман ауруларына жүргізілген зерттеулердің нәтижелері бірден шығарылып беріліп отырды.

«Лекерова» орталығында облыстық онкодиспансер дәрігері С.Исмаилов, Жезқазған орталық ауруханасынан балалар дәрігері, бүйрек, көз, құлақ-тамақ дәрігерлері қабылдау жасады.

«Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс» деп Елбасы Жолдауындағы жүктелген міндетті жүзеге асырудың бір жолы болып табылатын бұл игі шара көпшіліктің көңілінен шыққаны анық. «Тағы да болса ғой» деген ел тілеуі ескерілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.