Аналарымен сайысқа түсті

Қыз баланың тәрбиесіндегі ананың рөлі айрықша. Ұлттық тәрбиеден нәр алған қазақ қызы – өзгелерге өнеге. Ұлттық тәрбиеге мән беріп келе жатқан қаламыздағы іргелі оқу орны – №16 мектеп. Қазақы рухта жастарды тәрбиелеуде бұл білім ордасында атқарылған істерге көңіл толарлық. Осындай іс-шара жақында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында 5 б сыныбының жетекшісі Роза Бекетаеваның ұйымдастыруымен өткен «Анаға қарап қыз өсер» атты сайыс.

Сыныптағы сегіз ару өз аналарымен сайысқа түсіп, аналарынан алған ақылы мен өнегесін көрсетті.

Жеті бөлімнен тұрған сайыста кішкентай арулар аналарымен бірге өздерін таныстырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрып төңірегіндегі сұрақтарға жауап беріп, әртүрлі стильде киініп сән көрсетті. Өнерлерін паш етіп, дастархан мәзірлерін ұсынып, отбасылық дәстүрлерін ортаға салды.

Сайысқа қазылық еткен мектеп басшысы Қ.Смаилов, «Ы.Алтынсарин медалінің» иегері, ән-күй пәнінің ұстазы А.Күлшекенова, сыныптың ата-аналар комитетінің мүшесі Рәш Камалова және мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н.Бокаева аналар мен қыздардың өнерін бағалап, өз ой-пікірлерін жеткізіп отырды.

Сайыс нәтижесінде Аида Құдайбергенова анасымен «Білімді отбасы», Нұрайым Игілік «Өнерлі отбасы», Жасмин Сатыбалдина «Ибалы отбасы», Аяулым Абдығалиева «Ерекше отбасы» номинацияларымен марапатталды. Ал, Аружан Төлегенова «Тәрбиелі отбасы», Жанерке Әжібекова «Сән-салтанатты отбасы», Құндызай Төлепбергенова «Қылықты отбасы», Мәдина Нұркамалова «Икемді отбасы» атанды.

Аналар мен қыздардың сайысын осы сыныптың ұлдары және мектеп қабырғасындағы жас әншілер әнмен әрлеп, бимен әсемдеді.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.