Айтылған сыннан нәтиже бар

Жақында Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Серік Имамбай өзі халық қалаулысы болып сайланған №10 сайлау учаскесіндегі тұрғын үйлердің жағдайымен танысты. Депутаттың кезекті рейдтік тексеру жұмысына Сәтбаев қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бас маманы Гауһар Жалмурзина қатысты.

С.Имамбай өз учаскесіндегі №4 тұрғын үй коммуналдық цехна қарасты Абай көшесіндегі 37, 41, 45, 55, 65 үйлердің жертөлелерінің және аулаларының жағдайымен танысты.

Бұл мекен -жайларды цехтың директоры Айнаш Сыздықова таныстырды. Оның айтуынша, бұл цехқа 50 көпқабатты үй қарайды.

– Қазір осы үйлердің тазалығына, әрі жылуына біз жауаптымыз. Үйлердің көбісінде тұрғындардың өз қаражаты есебінен темір есіктер орнатылған. Подъездерге де жөндеу жұмыстары жүргізілген. Цех жұмыскерлері үйлердің айналасын, подъездерін уақытылы жинап тұрады. Алайда, тұрғындардың салдыр-салақтығы еткен еңбекті зая кетіреді. Үйлерден шыққан қоқыстар жәшікке жетпей айналасында шашылып жатады. Техникалардың жетіспеушілігінен қоқыс жәшіктері уақытылы тазартылмай қалады, – дейді цех басшысы.

Серік Сағынатұлы рейд барысында кейбір үйлердің жертөлелерінде тоқ және телефон сымдарының қалай болса солай, ашық күйде жатқанын көрді.

Мамандардың айтуынша, осы мәселені жауапты мекемелерге жеткізіп-ақ айтқандарымен еш нәтиже бермей келеді.

Рейдтік топ Абай көшесі, 65 үйдің ауласында былтыр ғана жарақталған ойын алаңының орындықтарының сынып жатқанын көрді.

Халық қалаулысы осы Абай көшесі, 65 үйдің 2 подъездіндегі пайда болған жарықшақты да назарынан тыс қалдырмады. Бірнеше мәрте бұл подъезде жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жарықшақтың ұлғаюын реттейтін құрылғы да қойылған. Тек мұнда күрделі жөндеу жұмысы қажет.

– Тексеріс барысында бұл цехтың атқарып отырған жұмысына қанағаттанарлық деген баға бердік. Алғашқы жылдары көп ескертулер мен сын да айтылған болатын. Қазір аз да болса нәтиже бар екеніне көзіміз жетті. Әр ауланы, әр көшені абаттандыру, жақсарту мақсатындағы жұмыстарға халық та белсенділікпен қараса дей келе, С.Имамбай подъездердің есігіне бей-берекет жапсырылған жарнамаларға тосқауыл қою керектігін айтты.

Атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, кем-кетігін қадағалау үшін ұйымдастырылған осындай тексерістер жиі болып тұрса, жауаптылар да, қала тұрғындары да өз істеріне жауапкершілікпен қарайды деп сенеміз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.