Ардақты аналар, аяулы арулар!

Сіздерді шын жүректен тамаша көктем мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймыз! Бұл махаббат пен сұлулық салтанат құрып, тіршіліктегі ең нәзік жандар – аналарымызға, апа-қарындастарымыз бен құрбы-құрдастарымызға шексіз ілтипат көрсетілетін жарқын мереке.

Қазақстан әйелдерінің ел тәуелсіздігін қалыптастырып, оны нығайтуда атқарған ролі орасан зор. Сіздердің балаларыңызға, отбасыларыңызға көрсетер қамқорлықтарыңыз, шаңырақтарыңыздағы, сонымен қатар, барша қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға деген құлшыныстарыңыз Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жүргізіп отырған реформалардың түп қазығына айналды десек болады. Бүгінгі күні Қазақстанды бастамашыл, белсенді әйелдерсіз көзге елестету мүмкін емес. Елбасымыз айтқандай, «Қазіргі заман әйелдері экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени жаңғыртуларға өздерінің іскерлік үлестерін қосу арқылы Қазақстанның табысты болашағының негізін қалауда». Сіздер тек жанұя дәстүрлерін сақтау мен болашақ ұрпақ тәрбиесін еншілеп қана қоймай, кәсіби деңгейде және қоғамдық істерде де жеңіс биіктерінен көрінудесіздер. Бұл орайда мемлекетімізде әйелдер жағдайын жақсарту және отбасы құндылықтарын берік етуге басты назар аударылып, игі істер атқарылуда.

Қаламызда жүргізіліп отырған гендерлік саясат сәтбаевтық аруларға өз әуелеттерін жүзеге асыруға толық мүмкіндік береді. Олар мемлекеттік қызметте табысты еңбек етеді, саясат және кәсіпкерлікпен айналысып, өндірісте де өздерінің лайықты орнын тауып отыр. Қаламыздың және жалпы еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктерінде сіздердің әрқайсыңыздың елеулі үлестеріңіз бар.

Құрметті ханымдар!

Бүгінгі тамаша мерекеде біз сіздерге ақыл-парасаттарыңыз, аяулы алақандарыңыз бен азаматтық белсенділіктеріңіз үшін үлкен ризашылығымызды білдіреміз.

Сіздерге зор денсаулық, отбастарыңызға бақ-береке және игілігі мол қуанышқа толы бақытты өмір тілейміз. Мереке құтты болсын!

Құрметпен, Сәтбаев қаласының әкімі Б.Д.Ахметов.

Қалалық мәслихат хатшысы С.С.Имамбай.

Комментарии закрыты.