Жолда жүру ережелеріне арналды

Наурыз айының 11 мен 16 аралығында республика бойынша «Біз – жол қауіпсіздігін қолдаймыз» атты кең ауқымды акция өтуде.

Осыған орай, сәрсенбі күні С.Сейфуллин атындағы гимназияда қалалық жол полициясы бөлімінің қызметкерлері Б.Аманжолов пен С.Әбдікәрімов, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы мүшелері және қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Г.Джакипова гимназия оқушыларымен кездесті.

Кездесуде жас жол инспекторы байқауында жүлдегер атанған мектептің «Бағдаршам» командасы өнер көрсетіп, өздерінің жол жарақатының алдын алу бойынша жасалған жұмыстарына есеп берді. Оқушылар жол жүру ережесін түсіндіретін, балаларға берер тәрбиесі мол, қалалық жол полициясы бөлімі шығарған – «Жолдос көмекке асығады» атты бейнефильмді тамашалады. Сонымен қатар, оқушылар сарайының жолда жүру ережесінің үйірме жетекшісі А.Жақыпбекова баяндама оқыды.

Кездесу соңында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Г.Джакипова балаларды жолда жүру ережелерін сақтауға, жолда абай болуға шақырды. Одан әрі жас жол инспекторлары жол полициясы қызметкерлерімен бірлесіп қала тұрғындарына үгіт-насихат парақшаларын таратты.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.