Құлақтың жедел қабынуы

Құлақтың жедел қабынуы деп суықтың әсерінен болатын сыртқы және ортаңғы құлақтың қабынуын айтады. Ол қызару, ісіну, іріңдеу белгілерімен білінеді. Оның асқынуынан ішкі құлақтың қабынуы ықтимал. Мұндай жағдайда дер кезінде отоларинголог дәрігерге қаралып, нақты диагноз қойған соң, дереу ем қабылдау қажет. Емшектегі балаларға емшек сүтін тамызуға, ауруды өз бетімен емдеуге болмайды. Баланың құлағы ауырғанда, онда құлық болуы мүмкін (серная пробка), ондай жағдайда дәрі тамызып, құлақты қыздыруға мүлдем болмайды, тек дәрігер ғана анықтап, тамызатын ерітінділерді тағайындайды.

Құлаққа тамызатын дәрімен бірге мұрынға да тамызатын дәрі бірге тағайындалады, өйткені мұрын мен құлақ байланысты. Жедел қабынуды уақытылы емдемегенде бір-екі күн ішінде ортаңғы құлақтағы дабыл жарғағында іріңді ісіну пайда болып, ол жарылады да қабыну одан әрі дамиды. Оған берілетін дәрілер басқаша, сондықтан дер кезінде дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Асқындырып алмас үшін уақытында үйде 3% перекись тотығымен тазалап, кұрғатып, софрадекс ерітіндісін 2 тамшыдан күніне 3 рет тамызу керек. Құлақты қыздыруға болмайды. Қандай жағдайда да міндетті түрде дәрігерге бару керек.

Ем уақытылы қабылданғанда ғана құлан таза айығып кетуге болады. Мұрын мен құлаққа тамызатын ерітінділерді таңдағанда тек дәрігер рұқсатымен қабылдаған дұрыс, себебі дәріханада дәрілердің бірнеше түрі сатылады. Мұрынға тамызатын кей дәрілер үйреніп кетушілікке әкеледі. Баланың ағзасы жас болғандықтан, ол дәрілерді сақтықпен дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Егер де баланың құлағы жылына 3-4 рет ірің ағып ауырса, ол созылмалы түрге ауысуы мүмкін. Сондықтан, бала денсаулығына бей-жай қарамай құлақ, мұрын, тамақ дәрігерінің көмегіне жүгініңіз.

А.Демекбаева, «Сәтбаев қаласы емханасы» КМҚК құлақ, мұрын, тамақ дәрігері.

Комментарии закрыты.