Көлік құралдарын басқарудағы жауапкершілік

«Тұлпар – ер қанаты» дейтін болсақ, оның орнын темір тұлпар басқалы қай заман. Алайда, соңғы кезде қара жолдың үстіндегі қайғылы оқиғалардың көбеюі қоғамда алаңдаушылық танытып отыр. Мас күйінде рөлге отыру секілді адами факторлардың жол апатына жиі себеп болатыны белгілі жайт. Жүргізушінің алкогольден, есірткіден немесе уытқұмарлықтан мас күйінде көлік жүргізуі, не көлік жүргізуді мас күйдегі адамға беру – екі жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.

Авариялық ахуал туғызуға әкеп соқтырған нақ сол іс-әрекеттер – үш жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.

Жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазалау әрекетінің белгілері жоқ зақым келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соқтырған іс-әрекеттер – төрт жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.

Әкімшілік жазаның мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер – он тәулікке әкімшілік қамауға және бес жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыруға әкеп соғады.

Әкімшілік қамау қолданылмайтын адамдар жасаған іс-әрекеттер – жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2012 жылдың 12 айында көлікте, жол шаруашылығында және байланыста әкімшілік құқық бұзушылық көлік құралын алкогольдік масаю күйінде яғни, ҚРӘҚБК-нің 467 бабы бойынша сотқа 280 іс (2011 жылғы көрсеткіш 309) түссе 3 іс (4) өткен жылдың қалдығы. Сотта барлығы 282 әкімшілік іс (2011 жылы 304) қаралды, оның ішінде 241 тұлғаға (2011 жылы 265) көлік құралын басқару құқығынан айыру берілсе, 41 тұлға (2011 жылы 35) әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар, қосымша 9 тұлғаға (2011 жылы 10) көлік құралын басқаруға тыйым салу шаралары берілген.

Сондықтан, кез келген азамат көлік құралдарын басқаруда өзінің қоғам алдында өте үлкен жауапкершілікте болатынын бір сәтке де естен шығармауы керек.

А.Ерубаева, Сәтбаев қалалық сотының жетекші маманы.

Комментарии закрыты.