Анель – көктем еркесі

Көктеммен бірге гүлдей құлпыра келетін алғашқы мереке – аналар мерекесіне орай мектебіміздің мектепалды даярлық сыныбында Ж.Тобагабу-лованың ұйымдасты-руымен «Көктем еркетайы-2013» атты сайыс өтті.

Бүлдіршіндердің анаға деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру, ананы құрметтеп, сыйлауға үйрету, өнерге, білімге қызығушылығын ояту мақсатында өткен бұл сайыста бүлдіршіндер «Таныстыру», «Ойлы болсаң, озып көр», «Өнерлі өрге жүзеді», «Шебердің қолы ортақ», «Сән үлгісі» кезеңдері бойынша өздерінің өнерлерін, білімдерін, ой-өрістерін көрсете білді. Барлық сайыскерлер бірінші кезеңде ұлттық киіммен шығып, өздерін таныстырса, екінші кезеңде ұлттық тағамдарға байланысты сұрақтарға жауап беріп, үшінші кезеңде біреуі ана тақырыбында әндер айтса, енді біреуі мың бұрала билеп өнерлерін ортаға салды. Төртінші кезеңде бүлдіршіндер аналарымен бірігіп жасаған тағамдарын, қолөнер туындыларымен таныстырса, соңғы кезеңде сән үлгілерін көрсетті. Көрермен қауым кіп-кішкене бүлдіршіндердің өнерлеріне, өздерін сахнада ұстау үлгісіне риза болды.

Қазылар алқасының шешімімен Балым Бекеева «Көрермен көзайымы», Наргиз Қали «Сүйкімді еркетай», Махаббат Әбдірәсіл «Инабатты еркетай», Медина Серікбаева «Өнерлі еркетай», ал Анель Сыздықова «Көктем еркетайы -2013» атағына ие болып, оларға ата-аналары мен ұстаздарының дайындаған сыйлықтары тапсырылды.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарды аялауға, қадірлей білуге үйретуде осындай іс-шаралардың жас буынға берері мол деп сенеміз.

А.Шахманова, № 3 орта мектептің кітапхана меңгерушісі.

Комментарии закрыты.