Ана – шуақ, Ана – мейірім

Қазақ халқы әйел – барша тірліктің бастауы, көркемдік пен жылылық көзі, шуақ пен мейірім әлемі, өмірдің сәні деп қасиет тұтып, көңілінің төрінен орын беріп, ардақтап, аялаған. Осы дәстүрді ұстанған бүгінгі ел басқарып отырған азаматтар да Әйел-Анаға қолдан келгенінше қамқорлық көрсетуде.

Көктемнің алғашқы мейрамы – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қала әкімі Батырлан Ахметов «Мұрагер» мейрамханасында мерекелік дастархан жайды. Оған қаламыз бен оған қоңсылас жатқан елді мекендерден көп балалы аналар, ардагер-аналар, бүгінгі күні шаруашылықтың әр түрлі саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер шақырылды. Салтанатты кеште мереке иелерін қала әкімі Батырлан Ахметов құттықтады.

– Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің V форумында сөйлеген сөзінде ана мен баланы әлеуметтік қолдау аясында игі шаралар қолға алынып жатқанын атап көрсетті. 2010 жылдан бастап төрт және одан да көп балалы аналарға берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері 68 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Келесі жылдан бастап бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы орташа есеппен 20 пайызға көбейеді. Мұндай игілікті істерден біздің кеншілер қаласы да кенже қалып отырған жоқ.

Әйел-Ана – әр отбасының алтын діңгегі, ажары, шамшырағы, берекесі. Қай халық та бағзы замандардан бері әйел затын Ана ретінде қадірлеп келеді. Бұл игі дәстүр біздің елімізде де жалғасын табуда. Бүгінгі салтанатты кешіміз де соның айқын айғағы. Мереке құтты болсын, ардақты Аналар! – деп бастаған Батырлан Дүйсенбайұлы өзінің аналарға деген жүрекжарды тілегін жеткізді.

Салтанатта «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның басшылары атынан Тоғызбай Тәжбенов сөз сөйлеп, аналарды мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік дастархан басындағы жүздесуде қаламыздың Құрметті азаматтары, ұстаздардың ұстазы Шабал Бейсенбекова, тыл ардагері Мария Громак, есімі елімізге белгілі спортшы, спорт шебері, Қазақстан Республикасының чемпионы, дзюдо күресінің жаттықтырушысы Кенжезару Қашқынова, мұғалім Айгүл Құрманбаева сөз алып, бір қолымен бесікті, бір қолымен күллі әлемді тербеген әйел-аналарға осындай зор құрмет көрсеткен азаматтарға алғыс сезімдерін білдірді.

Бұл күні қаламыздағы мәдени сауық орталығының өнерпаздары да ән-жырдан шашу шашып, мерекенің мәнін келтіре түсті.

Салтанат соңында кеш қонақтарына қала әкімі Батырлан Ахметовтың атынан естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары тарту етілді.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.