Бірлік! Жігер! Табыс!

Бүгінгі күні Жастар саясатын тиімді жүзеге асыру және дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.

«Жастары жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі де биік болады» деп жасампаз елдің жастарына қай уақытта да үлкен сеніммен қараған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзінде Жастар саясаты басқармаларын құру жөнінде тапсырма берген болатын

Қарағанды облысы әкімдігінің 2012 жылдың 03 тамызындағы №35/01 Қаулысымен «Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ құрылды. Облыстық Жастар ісі жөніндегі Кеңесті облыс әкімінің тікелей өзі, өңірлерде қалалар мен аудандар әкімдері басқаруда. Кеңес құрамы жастар көшбасшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құрылған.

2012 жылы басқарма жұмысының бағытында басшылыққа алынған басты құжаттар – Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Қазақстан халқына Жолдаулары, Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы, сонымен қатар, «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» ЖҚ-ның II съезінде берген тапсырмалары.

Осыған орай, өкілетті орган ретінде Қарағанды облысының жастар мәселелері жөніндегі басқармасы жұмысы төмендегі басымдық бағыттарға ие:

– мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру;

– елімізде жүргізіліп жатқан басымдық бағыттар туралы жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу;

– жастарды жан-жақты әлеуметтік қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асыру, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты қалыптастыру;

– жастар қоғамдық бірлестіктерімен өзара әрекеттестікте болу, олардың жұмысын жандандыру (жалпы саны облыс бойынша – 79);

– жастардың әлеуметтік-маңызды жобаларын жүзеге асыру.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қарағанды облысында жастардың саны 337 905 құрайды. Бұл жалпы халықтың үштен бір бөлігі. Оның ішінде, қала жастарының саны – 262 620 (78%), ауыл жастары – 75 285 (22%) құрайды.

Жастар арасындағы басты мәселелердің бірі – жұмыспен қамту мен еңбекке орналастыру.

Жұмыспен қамту органдарына келіп, еңбекке орналасуға көмек сұрағандардың 52 пайызын 16-29 жас аралығындағы жастар құрайды.

2012 жылы жұмыспен қамту органдарына 21 мың 553 жас азамат келіп, олардың 17 304-і, яғни, 80 пайызы еңбекке орналасқан.

Облыста 5800 сарбаздан құрылған 97 студенттік құрылыс жасақтары және 2300 сарбаз қамтылған «Жасыл елдің» 123 жасағы жұмыс жасады. 2011-2012 жылдары Қарағанды құрылыс жасақтары сарбаздары Сочи қаласында Олимпиада нысандарын салуға қатысты.

2013 жылы облыста 6000 сарбаздан құрылған 100 студенттік құрылыс және 500 сарбаз қамтылған «Жасыл елдің» 77 жасағы жұмыс жасайтын болады. Ағымдағы жылы басқарма мен құрылыс жасақтары маңызды жоба «Жезқазған – Бейнеу» темір жолына салуға қатысатын болады.

Бүгінгі күні басқарма Республикалық студенттік құрылыс жасақтары штабымен бірлесіп біздің өңір құрылыс жасақтарының «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрме нысандарын салуға қатысуы туралы мәселені қарастыруда.

Облыс бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 1549 жас азамат еңбекке орналасты (2009-2011 жылдары).

Аталған бағдарламалар өзінің оң нәтижесін беруде. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2011 жылмен салыстырғанда жастар арасында жұмыссыздық 2012 жылы 0,2%-ға кеміген.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында «Жастар тәжірибесі» жүзеге асырылуда, бағдарлама аясында 3 441 жас азамат еңбекке орналасқан.

Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев таяудағы Жолдауында «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі» деп атап көрсеткені мәлім. Жастардың патриотизмін қалыптастыру, олардың өз Отанының тағдырына деген жауапкершілік деңгейін көтеру мақсатында жастардың әлеуметтік маңызы бар шараларға көбірек қатысуын қамту өзекті.

Басқарма 2012 жылы жастардың патриоттық тәрбиесі жөніндегі бірқатар іс-шаралар өткізді. Атап айтқанда, ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған акция. Іс-шара аясында жастарға 30 000 тақырыптық күнтізбе әзірленіп таратылды, облыс орталығына 1 200-ге жуық көшет отырғызылды.

Талантты жастарды қолдау, оларды ынталандыру аса маңызды бағыт болып табылады. Жыл сайын жас дарындарға спорт, мәдениет және ғылымдағы жетістіктері үшін облыстық және өңірлік сыйақылардың тапсырылатынын ерекше атап өткіміз келеді.

Талантты жастарға облыс әкімінің «Қайнар» сыйлығын тапсыру рәсімі болды. Басқарманың ұйымдастыруымен тұңғыш рет облыс әкімі кубогына облыстық шахмат турнирі өткізілді.

2005 жылдан бастап облысымызда «Ауылда жас кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға облыс әкімінің гранты» жобасы сәтті жүзеге асуда. Жобаның аясында бүгінгі күнге дейін 114 жас кәсіпкер облыс әкімінің грантына ие болды (100-200 мың теңге көлемінде).

Ағымдағы жылы басқарманың әлеуметтік маңызды іс-шараларды өткізуге облыстық бюджеттен 101 млн. теңге қарастырылған (2003 жылмен салыстырғанда 28 есе көп). Облыста 79 балалар мен жастардың үкіметтік емес ұйымдары өз жұмысын жүзеге асыруда.

Елбасының «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына Жолдауы 2012 жылдың маңызды қоғамдық-саяси құжаты болып табылады. Жолдау еліміздің саяси-экономикалық даму стратегиясының бастауын айқындап берді. Оның негізі – қоғамдағы тұрақты азаматтық келісім, тұрақты экономикалық өсу, әлеуметтік салалардың кешенді жаңаруы.

Жолдауда жаңа саяси бағыттың негізгі қозғаушы күші жастар болу керектігін қадап айтты.

Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының бекітілуі, «Жастар саясаты туралы» Заңының өзгерістер мен толықтырылулармен қабылдануы, сонымен қатар, Елбасы атап көрсеткен өңірлерде Жастар бастамашылдығы орталықтарының құрылу мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Орталықтарды қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылса, жұмысты үйлестірумен Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма айналысады. Басқарма және өңірлердегі жастар бастамашылдығы орталықтары жастар саясаты мәселелерін жүзеге асыру бойынша стратегиялық құжаттардан басқа былтырғы жылы өткізілген «Қазіргі заманғы жастар: қазіргі жағдайға талдау жасау», «Қарағанды облысының жастары – 2012: жағдай, негізгі ой, болашаққа бағыт» әлеуметтік зерттеулер нәтижесіне де сүйенетін болады.

Жүргізілген зерттеу бойынша жастар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде күрмеуі шешілмеген мәселелердің бірі болып жастардың жұмыспен қамтылуы саналады. Жастардың 42%-ы еңбекке орналасу проблемасының негізгі себептердің бірі жұмыс орындарының болмауы деп атап көрсетеді.

Көп жағдайда бұл көрсеткіш жас­тардың еңбекке орналасу жөніндегі ақпараттарды білмеуімен байланысты. Осы себепті, мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жасаймыз.

Бұл жұмысты жандандыру үшін әлеуметтік бағдарламаларды және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасымен бірлесіп сәуір айына дейін «Еңбек биржасы» интернет-порталы жасалады. Аталған ресурста жастарды жұмысқа орналасу жөніндегі бағдарламалардың жалпы жүйесі орналастырылады. Тәулік бойы жастарымыз облыс ұйымдары мен мекемелеріне қажетті бос жұмыс орындары туралы ақпарат алуға мүмкіншіліктері болады.

Басқарма жастар үшін бос орындар жәрмеңкесі, сонымен қатар, сәйкес ақпараттық жұмыс – арнайы таратпа материалдар, БАҚ-на тақырыптық материалдарды жариялау жұмыстарын жүргізді.

«Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Жас мамандар қоры» жобаларын жүзеге асыру жұмысы жалғаса беретін болады.

Басқармада ауыл және жұмысшы жастар мамандықтарын насихаттау жөніндегі жұмыстар жоспарланған. Бұл бағытта «Жас фермерлер слеті», ауыл және жұмысшы жастар форумдары, сонымен қатар, «Мамандықтар шеруі» сайысы өткізілмек.

Жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу – басқарманың басты бағыттарының бірі. Бұл бағытта ағымдағы жылда «Жас мемлекеттік қызметкерлер мектебі», «Еркін пікір» жобалары, «Бірлік.kz» форумы өткізіледі.

Сонымен қатар, бүгінгі күні басты көңіл бөлетін мәселе – жастардың рухани құндылықтарын қалыптастыру. Сан ғасырлық бабалар тағылымы – өшпес өнеге, таусылмас қазына. Осы бастаудан нәр алғанда ғана жастарымыздың тамыры тереңдеп, желегі жайқала түседі. Басқарма осы бағытта «Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету» құндылықтарын қалыптастыру мақсатында «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында біршама іс-шаралар өткізеді.

Талантты жастарды анықтау және қолдау үшін «Дельфий ойындары», «Қайнар» облыс әкімінің сыйақысы, облыс әкімі кубогына «Шахматтық турнир», «Студент көктемі – 2013» фестивалі, «Жас көшбасшы мектебі» жобасы, т.б. іс-шаралар ұйымдастырылады.

Астана қаласында «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу – егеменді еліміздің өміріне қуатты серпіліс беретін, елеулі оқиға. Көрмеде ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатыны мәлім. Осыған орай, басқарма мен жастар ресурстық орталығы базасында дарынды, қабілетті жастарды көрмеге қатысуға даярлау аясында жұмыстар жоспарланып, ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар, мамыр айында «ЭКСПО CAMP – 2013» жастардың инновациялық жобаларының халықаралық көрмесі өткізіледі. Көрмеге Қазақстан облыстарынан және шет елдерден ғылыми сарапшылар, талантты жас өнертапқыштар шақырылады.

Екі жас инноваторға Қарағанды облысы әкімінің гранты тапсырылады – әр грант құнына 1 млн. теңге қарастырылған. Аталған іс-шара мақсаты – жастарды техникалық инновация аясында өз идеяларын дамыту және жүзеге асыру үшін ынталандыру.

Қазіргі таңда діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Экстремизм мен терроризмнің алдын алу – өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай, басқармада ауқымды ақпараттық жұмыс ұйымдастырылып, сенім телефоны арқылы психологиялық, құқықтық және діни көмек көрсетіліп, әлеуметтік қызмет жұмыс жасайды. Аталған сенім телефоны қызметі жастар арасында нашақорлықтың, ЖИТС-тің, жыныс жолымен жұғатын аурулардың алдын алуға, жастарға психологиялық-педагогикалық және ақпараттық көмек көрсету үшін тәулік бойы жұмыс жасайды.

Мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын жүзеге асыруда ақпараттық жұмыс маңызды орын атқарады. Басқарма 2013 жылға ақпараттық жұмыс жүргізу жоспарлауда. Яғни, облыс өңірлеріне «Жастар, жастарға» ақпараттық-насихаттау тобының көшпелі тобының ақпараттық-түсіндіру жұмысы, электронды және баспасөз бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы телесюжеттер, телебағдарламалар, бейнероликтер және мақалалар шығару ұйымдастырылады. «Вектор Инфорум» жастар журналын шығару жалғасын табады. Ақпараттық жұмыс барысында көрнекі насихат құралдары, баннерлер шығарылып, таратпалы материалдар таратылады.

Жалпы, жоспарланған барлық жұмыс өңірдің атқарушы органдарымен, білім беру мекемелерімен және үкіметтік емес ұйымдарымен өзара әрекеттестікте жүргізіледі.

Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы меже – Қазақстаннның әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуы, сауаттылығы жоғары салауатты елге айналуы.

Бүгінде біз сәулетті қаласы бар, кең байтақ даласы бар, өрелі баласы бар айбынды мемлекетпіз. Тарихты таразыласақ, бұл бақытқа оңай жеткен жоқпыз. Тәуелсіздік пен Теңдік, Азаттық пен Елдік, Береке мен Бірлік біз үшін аса қымбат ұғымдар. Осы құндылықтар жастарымыздың ең басты темірқазығы болуы тиіс.

Бірліксіз тірлік болмасы белгілі. Жастарды біріктіруші фактор – отансүйгіштік сезімі. Келешек – арманы айқын, мүддесі ортақ, жігерлі жастардың қолында. Еліміздің бүгінгі таңдағы толағай табыстары, жастарды жігерлендіріп, қанаттандырып, алға жетелейтіні сөзсіз. Әлемдік аламанға түскен қазақ елінің табысқа жетуі намысты жастарға зор міндет жүктейді.

Біз жаңа жобалар мен тың идеяларды жүзеге асыруға әрдайым ашықпыз және дайынбыз!

М.Құттыбай, Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастығы.

Комментарии закрыты.