Сәби үні естілді мерекеде

Қала әкімі Батырлан Ахметов қалалық перзентханада болып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінде нәрестелі болған Зәуре Сәрсенбаеваны қос қуанышымен құттықтады. Анаға деген ізгі тілегін қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай да білдірді.

Өз кезегінде Батырлан Дүйсенбайұлы Зәуреге және оның нәрестесіне мықты денсаулық, отбасына амандық тілеп, гүлшоғы мен ақшалай сыйлығын тапсырды.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың аналарға әсіресе, жас аналарға деген қамқорлығы ерекше. Мереке күні нәрестелі болуымыз – отбасымыз үшін зор қуаныш. Жолдасымыз екеуміз бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Енді міне, 3 келі 700 грамм салмақпен өмірге келген Гүлім есімді жас нәрестемізді де қолымызға алып, қуанып жатырмыз. Біздің отбасымыздың қуанышын бөлісуге келген қала әкімі Батырлан Ахметовке алғысым шексіз. Сондай-ақ, осы сәбиімді аман-есен дүниеге әкелуіме көп көмек жасаған перзентхананың дәрігерлеріне де алғысымды жеткіземін. Әр үйде іңгәлаған баланың даусы естіліп, өмірге келген сәбилер ата-аналарының көз қуанышы болсын, – дейді жас ана Зәуре Сәрсенбаева.

Жалпы, қалалық перзентханада жыл басынан бері 98 сәби өмірге келген. Бұл көрсеткіш қаламыздағы демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанының дәлелі.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.