Соттар мен судьялардың мәртебесі

Еліміздің экономикалық-әлеуметтік саяси дамуын жеделдеткен конституциялық реформаларға сәйкес, мемлекеттік биліктің бір тұтқасы болып есептелетін сот жүйесі де халықаралық деңгейге көтерілді. Атап айтқанда, жас жеткіншектер ісімен айналысатын ювеналдық сот, нарықтық экономикаға байланысты туындайтын түрлі дауларды реттеуді оңтайландыру мақсатындағы мамандандырылған, әкімшілік соттар құрылып жұмыс жасауда.

Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнамалық тұрғыда нақтыланып, тұрмыстық жағдайлары жақсартылды. Әлеуметтік қорғалуының құқықтық кепілдіктері нығайтылды. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңға, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, «Жоғарғы Сот Кеңесі туралы» ҚР заңы, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы қабылданып, сот жүйесінің 2009-20011 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілді.

«Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік соттар туралы» заңдар да дауларды шешудің баламалы әдісін жүзеге асыруға мүмкіндік туғызып отыр. Өлім жазасына мораторий енгізілді.

2007 жылдың басынан бастап алқабилер соты жұмыс жасай бастады. Халық өкілдері мен әділсот төрелігін жүзеге асырушы судьялардың бірлесе жұмыс жасаулары тұрғындардың сот билігіне деген сенімін нығайтуда.

Ендігі жерде аса ауыр қылмыс жасаған айыпталушының қаншалықты кінәлі екендігін жергілікті билік іріктеген азаматтар мен кәсіби судьялар бірлесе алқалы түрде шешеді.

Сот тәуелсіздігін қамтамасыз етудің тағы бір көрінісі азаматтарды тұтқындау құқығының прокуратурадан сотқа беру екендігі. Осыған сәйкес, сот тұтқындау туралы санкцияны тараптардың қатысуымен талқылап, заңдылық толықтай сақталғанда ғана береді.

Әлемдік өркениеттің алдыңғы сапынан орын алуға бет түзеген ел тарихында жаңа кезең, дағдарыстан дамуға бет бұрған, жаңа жетістіктерге толы кезең басталды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының жасампаз да жарқын, сара саясатының нәтижесінде елімізде шын мәнінде құқықтық демократияға кең жол ашылды. Осынау қол жеткен жетістіктерді баянды ете отырып оны ары қарай жалғастыру елінің ертеңін ойлайтын әрбір азаматтың абыройлы борышы екендігі даусыз.

С.Исабаев, Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.