Еңбекпен жеміс өнбек

Қай қоғамда болмасын еңбек адам дамуының, оның күн көрісінің құралы болды. Адамзат дамуының бастауында еңбек тұрды. Қоғам жаңғырған сайын еңбекке деген құлшыныс артып, оның жемісін көру идеясы да қатар өрбіді. Заман талабына сай еңбек қоғамы қалыптасып, еңбекке деген құлшыныс артты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев былтырғы жылы шілде айында «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыру қажет екендігін баса айтты. Мақалада «Бүгін де еңбек ХХІ ғасыр жағдайындағы ұлттық фактор ретінде, жаһандық бәсекелестік жағдайында алдыңғы кезекте тұруы керек», деген болатын Президент.

Еңбектің ерінбесең берер өнімі де, жемісі де қомақты. Тек, масылдық деген ұғымнан арылу керек. Қазіргі таңда еңбек етіп, тұрмысымды жақсартамын деген азаматтарға жаңа жұмыс орындары ашылып, индустриалдық-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Елбасы айтқандай, біз осы мүмкіндікке аса мән беріп қарамай, жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда, «такси» қызметін атқаруға бейім тұратын психологиядан арыла алмай келеміз.

Біз алдымызға асқақ міндет қойған елміз. Қазіргі қоғамда бізге еңбек нарығында сұранысқа ие, тапшылық сезіліп отырған мамандықтарды қанағаттандыратын еңбек иелері қажет.

Қорыта айтар болсақ, жаһандану дәуірінде біз еңбекті алдыңғы қатарға қоюымыз керек. Елбасы мақаласы осы мүдде үшін қам-қарекет жасауға үндейді.

Қ.Қоңыров, №3 кәсіптік лицейдің директоры.

Комментарии закрыты.