Күй – қастерлі әуез

Өткен аптада балалар өнер мектебінде Сәтбаев қаласының 40 жылдығына арналған жас орындаушылардың қалалық байқауы өтті. Оған барлық мектептерден 8-17 жас аралығындағы талантты оқушылар қатысты.

Байқаудың мақсаты жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен мәдениетімізге баулу, киелі қара домбырадан күмбірлете шыққан күйді оқушылар арасында насихаттау, дарынды жастарды анықтау болды.

Жас таланттардың өнерін қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында балалар өнер мектебінің директоры Р.Бурда, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Амралинова, домбыра ұстазы О.Сейдахметов пен халық аспаптар бөлімінің меңгерушісі Ш.Апаканова болды.

Байқауға үш топ қатысты: 8-10 жас аралығындағы кіші топ, 11-13 ж.а. ортаңғы топ және 14-17 ж.а. жоғарғы топ. Қатысушылар сайыс барысында Тәттімбеттің, Құрманғазының, Дәулеткерей мен Динаның, Еңсеповтың күйлерін орындады. Шығармашылық байқауда өнерпаздардың орындаушылық шеберліктерімен қатар, сахналық мәдениеті мен киім үлгілері де ескерілді.

Байқау қорытындысы бойынша сайыскерлер арасында бас жүлде, І, ІІ, ІІІ дәрежелі орындардың жеңімпаздары анықталып, олардың ұстаздары арнайы мадақтама, алғыс хаттармен марапатталды.

М.Шахаева.

Комментарии закрыты.