Үйде де, түзде де көже асамыз

№4 Абай атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мұғалімі Гүлнара Қасымханқызын қашан көрсең, қоғамдық жұмыстардың қақ ортасында екі өкпесін қолына алып жүгіріп жүргені. Бірақ Наурыз күні үйінде көже жасауға қолы тиеді екен.

–Мейрамның әрін келтіретін Наурыз көжені пісірмей үйде қалай отырамыз? Жыл сайын, Наурыз мейрамы қарсаңында қаламызда үлкен той өткізіледі. Әрбір ұлттық мәдени орталықтар Наурыз көже қазанын көтереді. Міне осы істің бел ортасында біздің қалалық «Қазақ тілі» қоғамы да жүреді. Наурыз мейрамында үлкен дастарқан жайып, өзіміз тіккен кигіз үйде қонақтарымызды шақырып, наурыз көже береміз.

Қоғамдық жұмыстардан қолым босаған соң үйге барып міндетті түрде Наурыз көже асуға тырысамын. Наурыз көже жеті түрлі тағамнан әзірленеді. Алдымен қазан толы сүтті қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастаймын. Сүт әбден пісуге тақаған кезде, қыс бойы сақтаған сүр етімді салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қоямын. Аталған уақыт өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып аламын. Талғамға қарай тұз, бұрыш саламын. Жалпы, менің қолымнан шыққан көже дәмсіз болмайтын секілді, өйткені үйдегілер де, қонақтарым да «дәмді» деп мақтап жатады, – дейді Гүлнара мұғалім.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.