Қоғамдық қабылдау жүргізді

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы ғимаратында «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қоғамдық қабылдауға бес адам жазылып, өздерін толғандырған сауалдарына нақтылы жауаптар алды.

Қабылдау жұмысына «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, Жезқазған кентінің әкімі Асылхан Сәдуақасов және қалалық мәслихаттың депутаты Айгүл Төлендина қатысты.

Алғашқы болып қабылдауға қала тұрғыны Аягөз Құлманова кірді. Қазіргі кезде оның баласы Қарағанды мемлекеттік университетінде ақылы бөлімде білім алуда. Оқудың ақысы тым қымбат болғандықтан, ол баласын грантқа ауыстыруға көмектесуін сұрап келіпті. Келесі кезекте кірген азаматша Юлия Казакова партия мүшелерінен өзінің жеке құжаттарын қайта рәсімдеуге жәрдемдесулерін өтінді. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауға Жезқазған кентінің бірқатар тұрғындары, қала тұрғыны Рамзан Афандиев және «Мұсылмандар одағы» АҚ директоры Асқар Қошанов та келіп, өздерінің арыздары мен ұсыныстарын жеткізді.

– Қабылдау жұмысы арқылы біз қала тұрғындарын толғандырып жүрген мәселелерді анықтап, оларды оңтайлы шешу жолдарын қарастыруды мақсат еттік. Сондықтан бүгінгі қоғамдық қабылдау кезінде көтерілген мәселелердің барлығы жауапсыз қалмай, жақын арада шешімін табады, – деді қабылдау соңында «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова.

Қабылдау барысында түскен барлық өтініштер мен арыздар партия бақылауына алынды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.