Ғалелдің үйіндегі көже

Қаламыздың тұрғыны, белгілі ақын, кешегі жас ақындар мектебінің жетекшісі Ғалел Жәнібеков Наурыз мейрамы кезінде жыл сайын келіншегі Жұмакүлдің алтын қолынан шығатын дәмді көжесін үйінде тығылып жалғыз өзі ішпей, өңкей өзі сықылды өнердің өріне шыққандардың басын қосып жібереді екен.

– Бала кезімізде Наурыз мейрамы келгенде ата-әжелерімізге ілесіп, үй-үйді аралап, көрісіп, наурыз көжеден дәм тататынбыз. Барған үйдің үлкендері қалтамызға тәттілерін толтырып жіберетін. Күн сайын кешкілік аналарымыз қай үйдің көжесі дәмді шыққанын айтып, мақтап отырушы еді. Сол уақытта аналарымыздан көргеніміз бойынша қазір де жыл сайын үйде Наурыз көже әзірлейміз. Әлбетте, көженің дәмділігі үйдегі отананың шеберлігіне байланысты. Бірақ, бұл жағынан әзірге ешкімнен «сөз естіп» көрген емеспіз. Жігіттер жыл сайын келіншегімнің көжесін мақтап кетеді. Соған қарағанда жаман әзірлемейтін болуы керек, – дейді Ғалекең.

– Наурыз мейрамы қарсаңында достар әрбіріміздің үйімізге алма-кезек барып, осылай бас қосатын жақсы әдетіміз бар. Наурыз көже — дастарқанымыздың көркі. Алдымен сүрленген жылқы етін асып, сорпасына бидай, тары, күріш қосамын. Бұлардың әрқайсысын бөлек пісіріп алған дұрыс. Сосын сүт, өрік, мейіз тағамдарын косып пісіремін. Ретіне қарай құрт езіп қосып жіберуге де болады. Көжені ыстықтай ішкен дәмді болады, – дейді Жұмакүл жеңгей.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.