Наурыз тойы – мереке
Наурыз – бақыттың бастамасы, ұлылықтың ұйтқысы, жақсылықтың жаршысы. Тіршіліктің тынысы, теңдіктің терезесі ашылып, өмірге нұр, көңілге жыр сыйлаған, халық қастерлеген күн.
Наурыз – Жер ана қойнауының тоңы еріп, жер бетіндегі тіршілік атаулының ұйқысынан оянып, жақсылық пен құт-берекенің көзі ашылған күн. Ел мен елді бірлікке, ынтымақтастыққа, достыққа ұмтылдырған ұлы күн. Наурыз – малға мал қосылып, ауылдың аузы аққа кенелген, ырыс-несібенің артқан күні. Наурыз мерекесі халқымыздың табиғат анаға аялы алақаны, жылы жүрегі, ыстық ықыласы ауған күн.
Бұл мереке халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан табиғатқа жанашырлық, қамқорлық көрсетуінің де өнеге-үлгісі болып саналады.
Қазақ халқы ерте заманнан Наурыз мейрамын тойлап келеді. Наурыз тойының қасиетті әрі басты тағамы – наурыз көже. Халық жақсы, жаңа киімдерін киіп, бір-бірінің үйіне кіріп, наурыз көжеден дәм татып, жақсы тілектер айтқан.
«Наурыз тойы – мереке, жылан жылы берекелі болсын» дей келе, қала тұрғындарына шын жүректен Ұлыстың ұлы күні құтты болсын демекпін.
Қалабай Әмірбеков, 11 сынып оқушысы.