Іскерлікті дамытудың тиімді бағдарламасы

Бүгінгі күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға жергілікті жерлерде аса мән беруді талап етіп отыр. Экономикалық өсімге тікелей қатысы бар сауда-саттық жүйесі қарқынды дамуда. Іскерлікпен айналысып, кәсіпкерліктен өз нәсібін айырамын деп ниеттенген азаматтарға Үкімет Елбасы тапсырмасымен арнайы бағдарламалар әзірледі. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасының негізгі бөлігі болып табылатын кәсіпкерлікті дамытудың «Даму» қоры.

Елімізде 1997 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан бұл қор шағын кәсіпкерліктің тұтқасын ұстаған кәсіпкерлерге төмен пайызда несиелендіру қызметін ұсынып келеді.

Еліміздің түкпір-түкпірінде қордың филиалдары іске қосылды. Біздің облыста биылғы жылдың өзінде 4 қалада филиал ашылып, қызмет көрсетуде. Ағымдағы жылдың ақпан айында қаламызда да «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының филиалы өз жұмысын бастады.

Филиалдың мақсат-міндеттері мен қор жайында толық ақпарат алу мақсатында филиалдың кеңесшісі Әнуар Махмудпен тілдескен болатынбыз:

– Әнуар Махмудұлы, әңгімені елімізде он жылдан аса қызмет етіп келе жатқан қордың кешегісі мен бүгінгісінен бастасақ.

– Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдауды күшейту және оның дамуын жандандыру мақсатында 1997 жылы наурыз айында «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның құрылуына негіз болған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы шықты. Ол өз жұмысын 1997 жылдың 18 тамызында бастады. Бұл қордың мақсаты – шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қалыптасуы мен экономикалық өсуін ынталандыру, мемлекеттің шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған қаржы құралдарын пайдаланудың тиімділігін арттыру болды.

Қор 2007 жылдың соңында қайта құрылымдалып, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мәртебесінен кәсіпкерлікті дамытудың «Даму» қоры болды. Сөйтіп, қордың шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі қызметі ұлғайды. Қазіргі күні қор қаржы институтынан мемлекеттен бөлінетін қаражат активтерін басқару операторына айналды. Кәсіпкерлік нысандарды қаржылай қолдау мәртебесіне ие болды.

– Жақында ғана қаламызда қордың филиалы ашылып, қор жұмысының жүзеге асуына мүмкіндік туды. Ашылған күннен бастап, кеңес алушылардың саны қанша? Атқарылар жұмыстарға тоқталсаңыз

– Біз бір терезе қағидасы бойынша кәсіпкерлерге кеңес беру қызметін жүзеге асырамыз. Ашылған күннен бастап, орталыққа келіп, кеңес алушылардың саны 30-ға жуық. Әр саланы жандандырсам деп арнайы жобаларына қаржылай демеу сұрағандардың қатарында Ұлытау ауданының азаматы да болды. Біз іскерлікті бастаған азаматтарға және жаңадан кәсіпті бастаймын деп ниеттенген азаматтарға кеңес беріп, құжаттарын рәсімдеуге көмектесеміз. Сәуір айынан бастап біздің қала бойынша кәсіпкерлік нысанды жандандыра түсемін деп талаптанған азаматтарға 3 миллион теңге бөлінбек. Алты пайыз жеңілдікпен және қайтару мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін.

– Осы бағытта жұмыс жасаймын деп ниеттенген әйел азаматтардың үлес салмағы қаншалықты басым?

– Әрине, қай істе болмасын әйел азаматтардың басым тұратыны анық. «Даму» қорының көрсеткішінде олардың еліміздің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесі 39% -ға бағаланды. Олардың үлесі көп салалар – тамақтандыру, қаржы және сақтандыру қызметтері, ақпарат пен байланыс, жылжымайтын мүлікпен байланыс операциясын жүзеге асыру салаларында байқалады.

– Елбасы былтырғы жылы шілде айында халыққа арнаған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында мүгедек жандардың өмірге деген құштарлығын оятып, кәсіпкерлікпен айналысамын деп ниеттенушілерге көмек беру керектігін айтты. Бұл бағытта қор қандай жұмыстар атқаруда?

– «Даму» қоры бірнеше бағытта жұмыс жасайды. Соның бірі – «Даму көмек» деп аталады. Бұл бағытта қор 18 жастан бастап, І, ІІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға көмек беріледі. Ол үшін азаматтың мүгедектігін растайтын медициналық сараптама нәтижесі қажет. Бұл жобаның арнайы бағдарламалары бар. Атап айтар болсақ, «Грантум» және «Жұлдыздарға қара» атты жобалар. Бірінші жоба бойынша қаламызға 80 грант бөлінген. Барлық талаптарға сай келетін шағын кәсіпкерлік нысанына осы гранттар беріледі. Олардың жұмысы арнайы сараптаулардан өтіп, бақылауда болады. Қазіргі күні осы екі бағыт бойынша «Казкоммерцбанкімен» жұмыс жасауды жоспарлап отырмыз.

– Ал, жаңадан нысан ашып, кәсіпкерлікке ден қоямын деген азаматтарға қандай көмек бар?

– Қор жаңа кәсіпкерлік нысандарға 14 % несие береді. Оның 7 %-ын мемлекет төлесе, қалған 7 %-ын кәсіпкер өзі төлейді. Бұл бағытта 25 банкпен қор жұмыс істейді. Негізгі қаражат көзі – «БанкЦентрКредит». Онда арнайы «Бастапқы бизнес» және «Стартап» бағдарламалары арқылы несиелендіріледі.

– Қордың бір ерекшелігі – азаматтарды кәсіпкерлікке баулуды оқыту жүйесін қолға алды. Осы бағыттардағы жұмыстарды атап өтсеңіз

– «Бизнес кеңесші» деп аталатын бұл бағытта азаматтар тегін оқиды. Төрт бағыт бойынша жергілікті жерде 2 күндік оқу жүзеге асырылады. Оған Алматы, Астана қалаларынан мамандар келіп, арнайы дәріс оқылады. Оқу аяқталған соң сертификат беріледі. Оларды оқытудағы басты талап – өздерінің жобаларын жүзеге асыру. Ал, егерде кәсіпкер өз іс-тәжірибесімен алмасқысы келсе, Астанадағы Назарбаев университетінде 4 апталық оқудан өтеді. Бірінші аптада теориялық білім алса, қалған 3 аптасында шет елдерде тәжірибе алмасады.

– Қаламызда жергілікті филиалдың ашылғанын бірі білсе, бірі білмейді. Өздеріңіздің жұмыс тәртіптеріңізді айта кетсеңіз.

– Біздің жұмыс тәртібіміз таңғы 9-дан кешкі 18:00-ге дейін. Жұмыс кестесі бес күндік. Азаматтар дүйсенбі және жұма аралығында халыққа қызмет көрсету орталығындағы бөлімшеге келіп, ақпарат ала алады.

– Олай болса іске сәт, әңгімеңізге рахмет!

Айта кету керек, орталықта қор жайында толық ақпаратты кеңесшілер Әнуар Махмуд пен Батырлан Таймағамбетовтен ала аласыздар.

Сұхбаттасқан Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.