Алаңдатқан мәселелерді тыңдады

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филилының қоғамдық қабылдауында ҚР экономикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Қарағанды облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары, қаржы полициясының подполковнигі Қанат Тоқтыбаев қала тұрғындарын қабылдады.

Қабылдауға қала әкімінің орынбасары Александр Ким, қаржы полициясының Жезқазған аймағы бойынша басқарма бастығының орынбасары Алмат Айтенов және тағы да басқа жауапты мекемелердің өкілдері қатысты.

Басқарма орынбасарының қабылдауына келген қала тұрғындары Г.Медегазинова, А.Қошанов, С.Түлкібаева өз мәселелерін жеткізсе, қаланың Құрметті азаматы, кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы А.Тұрлыбек кәсіпкерлік нысандардың электр шығынын алдын ала төлеу және заңсыз саудаға тоқтау салу мәселелерін көтерді.

Бұл орайда Қанат Әбдіқашымұлы кәсіпкерлерден алдын ала төлем алу заңсыз екенін айтып, тіркеусіз, белгіленбеген жерде саудамен айналысатындарға жергілікті атқарушы билік тарапынан тосқауыл болу керек деді.

Қала әкімінің орынбасары А.Ким мұндай келеңсіз жағдайлардың барын айта келе, қанша күрес жүргізілгенімен олар өз саудаларын тоқтатуға құлықты емес деді.

Қабылдау барысында кездесуге келген азаматтар мемлекеттік мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың көрініс алған тұстары көзге ілінбегендігін айтты.

Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.