Айлық аясында

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1993 жылы 24 наурызды «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні» деп жариялады. Кейбір деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта жыл сайын 1,6 миллион адам туберкулез ауруынан қайтыс болады, оның көпшілігі – дамушы мемлекеттердің тұрғындары.

Ақпан айының 24 мен наурыз айының 24 аралығында еліміздің түкпір-түкпірінде туберкулез ауруы жайлы халықты құлақтандыру, медициналық көмек беру мақсатында айлық өтуде. Осы айлық аясында өткен аптада Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияда осы білім ошағы мен №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел басына қалалық диспансердің меңгерушісі Мәрияш Оразбекова, қалалық білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің әдіскері Дүйсенкүл Төкенова және гимназия басшысы Гүлбану Сүйінжанова қатысты.

Денсаулықты сақтаудың жолдарын насихаттау мақсатында №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің үгіт-насихатшылар тобы салауатты өмір салтын серік етіп, дұрыс тамақтанып, жат әдеттерден сақ болсаң, денің де сау болатынын жеткізсе, гимназияның 10 «а» сынып оқушылары өз ақпараттарын көпшілікке ұсынды.

Мамандар мен жас буынның бас қосып, өзекті тақырыпты талқылау барысында туберкулез жайында фильм көрсетіліп, білім ошағының туберкулезді алдын алудағы іс-шаралары баяндалды.

Оқушылардың бірі ағзаға пайдасы бар гимнастикалық би үлгілерін көрсетсе, бірі денсаулық жайында өлеңдер оқыды.

Жиын соңында қалалық диспансердің меңгерушісі М.Оразбекова сөз алып, ұйымдастырып отырған іс-шараның жастарға берер тәрбиесі мен маңызына тоқталды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Жастардың денсаулығы – біздің табысты болашағымыздың негізі» деп, жастардың салауатты өмір салтын серік етуіне барлық жағдайды жасап отыр. Олай болса, осы үрдісті ұстап, денсаулығымызды нығайтайық.

Б.Айтөреұлы.

Комментарии закрыты.