Кеніште қоғамдық қабылдау бөлімі ашылды

Апта басында Жезқазған және Сәтбаев қалаларына іссапармен келген «Нұр Отан» ХДП Қарағанды облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова Шығыс Жезқазған кенішіне қарасты Анненск шахтасында партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің ашылу салтанатына қатысты.

Қоғамдық қабылдау бөлімнің ашылу салтанатында Жезқазған аймағы бойынша «КәсіпҚазақмыс» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтанбек Мырзақоңыров, «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Нұр Отан» ХДП Қарағанды филиалының атқарушы хатшысы Болатбек Жақсыбаев, «Нұр Отан » ХДП Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, қалалық мәслихаттың депутаты Иманбай Бралин болды.

Партияның 950 мүшесі бар Анненск кенішіндегі қоғамдық қабылдау бөлімінің төрағасы болып сайланған Сәбит Бимағамбетов пен Хадиша Базарбайқызы салтанатты түрде лента кесу рәсімін жасады. Ашылу сәтінде сөз алған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Х.Оспанова кеніш ұжымында ашылып отырған бұл қабылдау бөлімінің жұмысына сәттілік тіледі.

Ашылудан соң, Х.Оспанованың қатысуымен қоғамдық қабылдау бөлімінде кеніш ұжымын қабылдау өтті.

Қабылдауға келген кеніштің жерасты «ТОРО» машинасының жүргізушісі, Ауған соғысының ардагері Жалғас Жақсыбаев Жезқазған кентінен көшу мәселесін қозғады. Қазіргі тұрып жатқан жер үйден көшсек, қаладан жер үй беріле ме деген сауалын қойды. Бұл мәселе бойынша С.Мырзақоңыров нақты жауап берді. – Кезең-кезеңімен көшірілетін бұл кенттің тұрғындарына баспана беру мәселесі қаралуда, – деді С.Мырзақоңыров.

Кеніштің жер асты маркшейдерлері Зүбайра Нұрсейтова мен Зәуреш Садырбекова көпті дүрбелеңге салған нәзік жандылардың зейнет жасын ұлғайту жер астында жұмыс істеп жүрген әйел адамдарға ауыр тиетінін, зейнеткерлік жасын еңбектің ауыр-жеңіліне қарай бөліп қарастырса деген тілектерін жеткізді. Х.Оспанова қос азаматшаның мәселесі орынды екенін айта келе, бұл мәселе әлі Үкімет талқылауында екенін жеткізді.

Бес баланы жалғыз өзі асырап отырған Гүлдана Әубакирова мен Людмила Черкасова баспаналы болуға қол ұшын беруді сұрады. Қос ана да қаламызда үй жалдап тұрады екен. Бірнеше мәрте жауапты мекемелерге барғанымен, тым болмағанда қызметтік пәтерге қол жеткізе алмай келе жатқандарына қынжылады. Қос ананың мұң-мұқтажын естіген халық қалаулылары жергілікті әкімдікке барып, үй кезегіне тұруды ескертті.

Қоғамдық қабылдауға бірнеше азаматтар келіп, өз мәселелерін жеткізді. Кеніштің қабырғасында есігін айқара ашқан қоғамдық қабылдауға осы шахтада жұмыс істеп жүрген әр азамат өз мәселелерін жеткізуге болады. Қабылдау бөлімі осы мақсатта жұмыс атқаруға дайын.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.