Ақсақалдардан ақыл-кеңес, өсиет

Наурыз мейрамы қарсаңында №1 мектеп-гимназиясының ұстаздар мен жоғары сынып оқушылар ұжымы қаланың Құрметті азаматтары, соғыс ардагері Акбар Аманжолов пен қала әкімі жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы Мұзараф Ахановты шақырды. Бұл кездесуді ұйымдастыруға атсалысқан қаламыздың жастар бастамашылдық орталығының бас маманы Жасұлан Кеншібек те қатысты.

Мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерғали Кенбаев жастарға құрметті қонақтарды таныстырып, олардың өмір жолдарымен, осы қалаға сіңірген еңбектерімен таныстырды. Кездесу сұрақ-жауап сипатында құрылғандықтан, оқушылар аталарына өздерін қызықтырып жүрген сауалдарды қоя бастады.

Алғашқы сұрақ Акбар ағаның өнертапқыштық еңбегіне қатысты болды.

Аманжолов Акбар аға геологиялық барлау партиясында 32 жыл еңбек еткен. Соғыстың зардабынан жоғары білім ала алмаса да, ол кісі қарапайым еңбек адамы бола жүре, жұмыс орнында әртүрлі жаңалықтар енгізіп, техниканы жетілдіру арқылы талай өнертапқыштық ұсыныстарды іске асырды. Осы еңбегі үшін кезінде 2 рет ҚСРО-ның еңбегі сіңген өнертапқышы атағына ие болды. Алматыда өнертапқыштар курстарын үздік бітірді. Акбар ағаның айтуы бойынша, оның «тәлім алған университеттері – өмірдің өзі» болды.

Ақсақалдар жас буынға Наурыз мейрамын ертеде ата-бабаларымыз табиғат құбылысына байланысты тойлағаны, бұл күн мен түннің теңескен күнінде аталып өтілетінін айтты. Бұл күні адамдар қонақ қарсы алып, дастархан жайған, бұрын болған өкпе-наздарын ұмытып, бір-бірін бірлікке шақырған.

– Қазіргі кезде қайта жаңғырған Наурыз мейрамында біз сол ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, қағидаларын сақтауымыз керек, – деді Мұзараф аға. – Бұл мереке әрқашанда жасанды емес, жанды, ешкімді алаламайтын, барлығына бірдей құрмет көрсететін жарқын мейрам болу керек.

Жастар қадірлі қонақтардың жүріп өткен ғұмырларынан олардың адалдық пен шыншылдық жолынан бір ауытқымай, елінің жарқын болашағы үшін қызмет етіп, керек болса күресіп те өткенін білді.

Мұзараф аға Алматыдағы тау-кен металлургиялық институтын бітіргесін, геолог мамандығы бойынша еңбек етті. 1974 жылы кеншілер қаласы қүрылғанда, алғашқы басшыларының бірі болды, оның атқарушы билігін басқарды. Ол кісінің басшылығымен осы №1 орта мектеп, бассейні бар бала-бақша, жаңа типтегі №4 мектеп, республикада бұрын-соңды болмаған монша кешені салынды.

– Сендердің міндеттерің, әрине, ең бірінші жан-жақты білім алу, халыққа пайдасы тиетін азамат болу. Керек те, керек емес те ақпарат жан-жақтан төгіліп жатқан қазіргі заманда сендерге ненің ақ, ненің қара, қайсысы зиянды екенін ажырату оңай емес. Теледидардан көрсетіліп жатқан зорлық-зомбылық, қатыгездік жастар санасына кері әсерін тигізіп жатыр. Аға буынның, ұстаздардың, ата-аналардың, жалпы қоғамның міндеті – жастарды сол келеңсіздіктерден сақтандыру, жақсы мен жаманның аралығын ажырата білуге тәрбиелеу. Болашақта шынайы адамгершілік қоғам құратын сіздерсіздер, – деді Мұзараф аға.

Акбар ақсақал өмірінде талай қиыншылықты көргенін, бірақ, оған мойымай, қайта құрыштай берік болып, барлық қиындықтарды жеңіп шыққанын айтты. – Сондықтан, ешқашан ерінбеңдер, өздеріңді «қамшылап отырып», іздемпаз болыңдар, білімге ұмтылыңдар. «Білікті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген қағиданы ұмытпаңдар, – деді көпті көрген қария.

Мектептің жас өнерпаздары қонаққа келген аталарына өздерінің шығарған өлеңдерін оқыды, ән айтты, Наурыз мейрамына байланысты қойылым көрсетті.

Ақсақалдар өскелең ұрпаққа арнап ақ тілек-баталарын берді.

М.Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.