Кенді өлкемен танысты

Сәрсенбі күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР-ның өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Жезқазған және Сәтбаев қалаларына келді. Еліміздегі өңірлік дамуға басшылық жасайтын Бақытжан Әбдіұлы қос қаланың тыныс-тіршілігі мен өсу қарқынына көз жеткізу мақсатында бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.

Премьер-министрдің орынбасарымен Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев, «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің бас директоры Жанболат Бөрібаев, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов пен Жезқазған қаласының әкімі Бауыржан Шыңғысов еріп жүрді.

Кеншілер қаласындағы іссапарын Б.Сағынтаев 2005 жылы «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен бой көтерген спорттық сауықтыру кешенінен бастады. Кешеннің бүгінгі хал-ахуалымен спорттық сауықтыру кешенінің директоры Юрий Апарин таныстырды.

Бұл спорттық кешенде футбол, хоккей нысандары мен жүзу бассейні қала тұрғындарына қызмет етуде. Елбасы Н.Ә.Назарбаев жергілікті жерлерде бұқаралық спортты дамытуды Үкіметке тапсырған болатын. Осы бағытта кешеннің сәтбаевтықтар үшін маңызы айрықша. Барлық талаптарға сай жабдықталған спорттық кешеннің алдағы жұмысына Бақытжан Әбдіұлы сәттілік тіледі.

Өңірлік даму министрі бастаған топ аймағымыздағы кеншілер мамандығын игеруге шәкірттер даярлап келе жатқан технологиялық колледжге атбасын тіреді. Колледж директорының орынбасары Қарлығаш Төлегенова оқу орнының кеншілерді даярлаудағы озық технологияларымен таныстырды. Мұнда дәріс алатын студенттер «Қазақмыс» корпорациясының сұранысы бойынша кеніштерде еңбек етеді.

Кеншілер қаласының тыныс-тіршілігімен танысқан Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Жезқазған кенішіне қарасты №65 шахтада болып, кеншілермен кездесті.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.