Жаза тағайындау – жауапты сәт

Жаза – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық кодексте көзделгендей, адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот қана үкім негізінде қолдана алады. Қылмыс пен жаза өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік.

Тағайындалған жазаның ауыр-жеңілдігі жасалған қылмыстың сипатына және қаншалықты ауыр екендігіне, айыпкердің жеке басына және басқа мән-жайларға байланысты. Жазаның түрі үш топқа бөлінеді: негізгі, қосымша және балама. ҚР ҚК-нің 39-бабына сәйкес, жазаның негізгі түрлеріне: қоғамдық жұмыстарға тарту, әскери қызмет бойынша шектеу, бас бостандығынан шектеу, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау, бас бостандығынан айыру және өлім жазасы жатады. Жаза, егер ол жасалған қылмыстың ауырлығына, қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке тұлғасына және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес тағайындалатын болса, әділетті деп танылады.

Жаза тағайындау, яғни айыптау үкімін шығарарда жазаны таңдау сот қызметіндегі маңызды әрі жауапты сәт. Жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, сондай-ақ жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды соттың ескеруі қажет.

Қоғамға қауіптілік сипатына қарай қылмыс түрлерінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, ұрлыққа қарағанда тонау қауіптірек, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуден адам өлтіру қауіптірек. Қылмыс ауыр болған сайын, жаза да қатаң болуы тиіс, және керісінше, кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін, басқа мән-жайларды да ескеріп, жазаның жеңілірек түрін қолдану керек. Анықтау, тергеу және сот органдары қылмыскердің мына жақтарын мұқият зерттеп білуге тиіс: әлеуметтік бейнесін, тұрмыс-салтын, үйде, тұрмыста, оны қоршаған ортаны, әдептілік қағидаттарын, рухани байлығын, идеалын, немен айналысатынын, психологиялық ерекшеліктерін, жауаптылық қабілетінен айырмайтын психикалық өзгешеліктерін, жасаған ұнамды немесе ұнамсыз әрекеттерін, еңбек ұжымындағы беделін т.б.

Сот төрелігінің басты мақсаты қылмыс жасағандарды тек бас бостандығынан айырып, жазалау ғана емес, адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау әрі қалпына келтіру болып саналады. Бұл кезекте Сәтбаев қалалық сотында да қоғамдық қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізіліп, бас бостандығын айырумен байланысты емес, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолданудың аясы кеңейтілді.

С.Бухарова, Сәтбаев қалалық сотының бас маманы.

Комментарии закрыты.