Мерекемен құттықтады

Наурыз мейрамы қарсаңында қала әкімі Асқар Ыдырысов мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне барып, мерекемен құттықтады.

Қала басшысы І-ІІ топ мүгедектері Олег Кройтор, Рузия Қалиева және Любовь Мишинаны Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, сыйлықтарын табыс етті. Жүздесу барысында олардың толғандырып жүрген мәселелерін де тыңдады. Әсіресе, қала тұрғыны Любовь Мишинаның денсаулығы да, тұрмыс жағдайы да тым нашар екен. Бес жыл бұрын дәрігерлердің қателігінен төсек тартып қалған әйелдің жақсы өмір сүруден күдері үзілгендей. Осы орайда қала әкімі Асқар Ыдырысов оған барынша көмек көрсететінін айтып, алдағы өмірге үмітпен қарауға шақырды.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сапасын жақсартуды мақсат еткен осындай игі шаралар қаламызда дәстүрлі түрде өткізілуде. Бүгінгі таңда қала бойынша 250 адам мүмкіндігі шектеулі жандар есебінде тұр. Қайырымдылық акциясы аясында осындай тағы бір топ азаматтарға қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тарапынан мерекелік қалталар таратылды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.