Кеншілер шаһарындағы Әз-Наурыз

Биылғы жылғы Наурыз мейрамын кеншілер қаласының тұрғындары сән-салтанатпен атап өтті. Қаз қатар тігілген киіз үйлер мен алтыбақан маңайындағы халықтың мерекелік көңіл күйі көтеріңкі. Таңсәріден бастап қала басшылығының құттықтаулары мен жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасы көпшіліктің назарына ұсынылды. Мерекелік шаралар «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің еңбек ұжымдары, білім беру, денсаулық сақтау саласының мамандары мен кәсіпкерлерден құралған шеруден бастау алды. Ол Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер алаңында «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты салтанатты жиынға ұласты.

Жиынға қала басшысы Асқар Ыдырысов, әкім орынбасарлары мен қаланың Құрметті азаматтары, мемлекеттік мекемелердің басшылары мен қоғамдық ұйымдардың, ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері жиналды. Наурыз мейрамымен жиналған көпшілікті Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов құттықтады.

Мерекелік құттықтауын мәслихат депутаты, Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Татьяна Хмилярчук арнады. Одан әрі «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.

Академик Қ.Сәтбаев атындағы даңғылда қала қонақтарын қазақ ауылдары қарсы алды. Салтанатты ашылудан соң қала басшысы А.Ыдырысов қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған «ЕХРО-2017» көрмесіне арнайы жасақталған киіз үйде болды. Мұнда №1 мектеп-гимназиясының, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің, №16 орта мектептің, сондай-ақ №25 орта мектеп оқушыларының қиялынан шыққан туындыларды тамашалады. Үздік туындылар ретінде көрмеге қойылған жастардың жұмыстарына Асқар Абылайұлы оң бағасын берді.

Бұл күні кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен тұрғындарға қайырымдылық дастархан жайылып, наурыз көже таратылды.

Қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған топ бюджеттік мекемелердің тіккен барлық киіз үйлерінде болып, ұжымдарды мерекелерімен құттықтады.

Бұл күні Оңтүстік Жезқазған кеніші еңбекте озат шыққан бір топ азаматтарды марапаттады. Атап айтар болсақ, №65 шахтасы №23 учаскесінің бұрғылаушысы Ғапбар Молдабеков, №12 учаскенің ПДМ машинисті Әміржан Үкібаев, №7 учаскенің үңгішісі Жұмабай Жазымбаев, №25 учаскенің ТОРО жүргізушісі Серік Бегимов, №15 учаскенің аттырушысы Рахым Күлниязов, №17 учаскенің электровоз жүргізушісі Бекзат Кеңгірбаев Алғыс хатқа ие болды.

Ұлыстың Ұлы күні Кеншілер алаңында жиналған жұртшылықтың назарына бірқатар іс-шаралар ұсынылды. Олардың қатарында мәдени-сауықтыру спорт орталығының ұйымдастыруымен өткен асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындармен қатар, қазақша күрес, кір көтеру, арқан тартыс т.б. спорттық ойындар болды. Арқан тартысқа барлығы 8 команда қатысып, І орынды «Шеңбер» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар, ұлттық киімдердің байқауы да өткізілді. Оған мектеп мұғалімдері, «Тазалық – 2020», «Сарыарқанан», отбасылық дәрігерлер қауымдастығы өкілдері және кәсіпкерлер қатысып, қазақтың ұлттық киімдерін, әшекей-бұйымдары мен ұлттық аспаптарын көпшілікке көрсетті.

Наурыз мейрамына арналып тігілген 16 киіз үйдің ішінде «Ең үздік киіз үй» номинациясы бойынша бас жүлдені №16 жалпы білім беретін орта мектеп жеңіп алды. Абай атындағы №4 мектеп-лицей мен №5 «Нұрбөбек» балабақшасы І орынды өзара бөліссе, ІІ орынды отбасылық дәрігерлер қауымдастығы тіккен киіз үй иеленді. Ал, ІІІ орынға сарыарқанандықтар ие болды. Барлық жеңімпаздарға қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай грамоталар мен тұрмыстық техника түріндегі сыйлықтарын табыс етті.

М.Шахаева, Б.Қазкенов.

Комментарии закрыты.