«Дарындыларға тек қолдау қажет»

Сейсенбі күні қаламыздағы өнерлі жастардың шыңдалып, шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік беріп келе жатқан мәдени орындары – балалар өнер мектебі мен оқушылар сарайының тыныс-тіршілігімен танысқан қала әкімі Асқар Ыдырысов осындай ой түйді.
Қаладағы мәдени ошақтардың алдағы мақсат-міндеттері мен шығармашылық ізденістеріне қандай колдау керек екендігін білу мақсатында қос мәдени орталыққа бас сұққан қала әкімі А.Ыдырысов кенді өлкенің балаларының дарынына дән риза болды.
Жиырма бес жылдан артық қаланың мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосқан балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері қалалық, облыстық жарыстарды былай қойып, республикалық, халықаралық байқауларда жеткен жетістіктері айтарлықтай. Мектепке басшылық жасайтын білікті маман Роман Бурда Асқар Абылайұлын балалардың сыныптарымен таныстырып, олардың жеткен жетістіктерін тілге тиек етті.
Қазіргі таңда бұл өнер ордасында жеті бөлім бойынша, атап айтар болсақ, халық аспаптар бөлімі, фортепиано, хореография, музыкалық аспаптар, музыкалық-теориялық, жалпы эстетикалық білім беру, бейнелеу, театр-цирк бөлімдерінде 823 оқушы өнер саласының қыр-сырына қанығуда. Оларға 62 ұстаз дәріс береді.
Балалардың жаттығатын сыныптарымен танысқан соң, А.Ыдырысов балалар өнер мектебінің ұстаздары мен оқушыларының күшімен қойылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Концерттік бағдарламаның шымылдығын «Жігер» ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының «Адай» күйі ашты. Домбыра үйірмесінің 2 сынып оқушысы Дәуіржан Жаппаров Мұхиттың әні «Көкайдайды» орындаса, прима қобыз үйірмесінің 3 сынып оқушысы Асылжан Ахмедия қобыздың асқақ үнімен көрермендерді тәнті етті.
Дана халқымызда «бұлақ көрсең көзін аш», деген сөз бар. Осы қағиданы берік ұстанып, кеншілер қаласының дарынды жастарының өнерін ұштауда оқушылар сарайының орны алабөтен. 2000 жылдан бастап бірнеше бағытта жұмыс жасап келе жатқан 60-қа тарта үйірмесі бар бұл мәдени ошақта мыңнан аса сәтбаевтық жас өрен дәріс алуда.
Орталықтың басшысы Гүлнар Сансызбаева қала әкіміне мұндағы жағдайды баяндап, қолөнер үйірмесінің тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан туындыларды көрсетті. Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері бірнеше республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары атанған.
Қала басшысы А.Ыдырысов бастаған топ ұлттық ән-күйімізді дәріптеу мақсатында оқушылар сарайының бастамасымен өткен «Сарыарқа болашағы» атты сайысты тамашалап, оң бағасын берді.
– Қай ұлттың болмасын мәдениеті – оның асыл жауһары. Қазақ ұлты өнерге бай халық. Бүгін, міне, осы қос мәдениет ошағының жұмысымен танысып, балалардың өнеріне көңілім толды. Балалар өте дарынды. Дарындарға тек қолдау қажет. Ол үшін қос мәдени ошақтың материалдық-техникалық базасын жаңартуды қолға алсақ деген жоспар бар, – деді қала әкімі А.Ыдырысов.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясында жан-жақты, ұлттық салт-дәстүрді меңгерген, ұлтжанды азаматты тәрбиелеп өсіруге аса мән беру керектігін атап айтты. Бұл бағытта қосалқы білім беретін осындай шағын орталықтардың жұмысы жүйелене түссе нұр үстіне нұр.
Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.