Балалар үйіндегі әз Наурызды тамашалады

Әз Наурыз қарсаңында қала басшылығын қолға алған Асқар Ыдырысов Жезқазған кентінде орналасқан «Мерей» және М.Құлышева атындағы отбасы түріндегі балалық шақ балалар үйінде болып, мұндағы тәрбиеленіп жатқан балаларды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, тыныс-тіршілігімен танысты.
Қала әкімі әуелі «Мерей» балалар үйіне атбасын тіреді. Отыз төрт бала тәрбиеленіп жатқан бұл үйдің хал-ахуалымен балалар үйі директорының міндетін атқарушы Зайра Қойшина таныстырды. Зайра Ақылбекқызы балалар үйінде барлық жағдайдың жасалғанын тілге тиек етті.
Қырық сегіз балаға ортақ шаңырақ болған М.Құлышева атындағы отбасы түріндегі балалық шақ балалар үйінің қазіргі жай-күйін Асқар Абылайұлына мекеме басшысы Айнагүл Құлжанбекова баяндады.
Қала басшысы балалардың жатын бөлмелерін аралап, оларға барлық жағдайдың жасалғанына көз жеткізді.
Балалар өздерін ұлы мерекеде құттықтай келген қала басшысы А.Ыдырысовқа мерекелік концерттерін қойып, әннен, биден шашу шашып, Наурыз көже ұсынды.
Асқар Абылайұлы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен ұжымына құттықтауын жеткізіп, сый-сияпатын тапсырды.
Б. Қазкенов.

Комментарии закрыты.