Елді мекендер де тазарып қалды

Өткен аптада Сәтбаев қаласында дәстүрлі көктемгі тазалық үшайлығының сенбіліктері басталды. Бұл ауқымды іске кеншілер қаласына қоңсылас жатқан елді мекендер де атсалысты. Мәселен, Жезқазған поселкесі мен Весовая, Крестовский елді мекендерінің тұрғындары сенбілікке серпінмен қатысып, орталық саябақтарды, мекемелердің маңайын, көше бойын және аулаларды тазалап, елді мекеннің шырайын келтірді.

«Көп түкірсе – көл» деген, сенбілік қатысушыларының көп болып атқарған ісінің нәтижесінде көшелердің әр қалтарысы, әр бұрышы мұқият тазаланды. Әр аймаққа бекітілген жауапты тұлғалар сенбілікке қатысушылардың құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін жіті қадағалады. «Қазақмыс» корпорациясының материалдық-техникалық жабдықтау кәсіпорны Весовая елді мекеннің Жұбанов, Нұрпейісова көшелерін күл-қоқыстан тазартып, ағаш түптерін қопарып, әктеп, суағарларды тазартты.

– Бұл – біздің жылда атқаратын жұмысымыз. Тек сенбілік күндері ғана емес, жаз айларында өзімізге бекітілген көшелердегі тал-теректерді суарып, оларды қырқып отыруды да мойнымызға алғанбыз. Ал тазалық бейсенбіліктері мен сенбіліктерде техника мен адам күшін жұмылдырып, елді мекенді тазартуға біркісідей атсалысамыз, – дейді жабдықтау кәсіпорнының еңбек ардагері Алексей Кухнов.

Мұндай ұйымшылдықты аталмыш кәсіпорынға қарасты жанар-жағар май қоймасының ұжымы да танытып отыр. Олар Нұрпейісова көшесін сыпырып, сиырып, талдарды әктеп, үлкен еңбек үлгісін көрсетті.

Сенбілікке елді мекендегі мекемелер мен мектептердің ұжымдары да біркісідей атсалысты. Солардың қатарында балалардың музыка мектебі мен отбасылық үлгідегі кітапхана ұжымы бірлесіп өз мекемелерінің маңайын мұнтаздай етті.

– Бір ғимаратты мекендеп отырған екі ұжым қашаннан осындай ұйымшылдық көрсетіп келеміз. Менікі, сенікі демей, барлық істі бірлесіп атқарамыз. Бүгінгі сенбілікте де ғимараттың қасбетін әктеп, аумақты күл-қоқыстан тазартып, талдарды әктеп, түбін қопсытып жатырмыз. Бұл жұмыстардың бәрін бірлесіп атқарудамыз, – дейді өнер мектебінің мұғалімі Татьяна Реко.

Қалалық сенбілікке Весовая елді мекеніндегі екі білім ордасы – №№10 және12 орта мектептердің оқытушылары мен оқушылары да сенбілікте белсенділік көрсетті. Олар өздеріне бекітілген көшелерде жұмыс істеп, елді мекеннің сәулеттене түсуіне өздерінің үлестерін қосты.

– Жезқазған поселкесі мен Весовая елді мекенін қоса айтқанда, бүгінгі сенбілікке 215 адам, 42 мекеме қатысты. Поселкеге қатысты екі шағын аудан кеңесі – Шахтопроходкалау тресі мен материалдық-техникалық жабдықтау кәсіпорнынан арнайы техника бөлінді. Мұның сыртында мектеп оқушылары өз алдына. Шара барысында ағаш түптері әктеліп, жиектастар қалпына келтірілді. Арықтар бойы тазаланып, мекеме, кәсіпорындардың кіреберістері жаңарып қалды. Тұрғындар да қолдарына кетпен-күректерін алып, үйлерінің айналасын айнадай жарқыратты, – дейді Жезқазған поселкесі әкімінің орынбасары Ғабит Шахтаев.

Сенбілікке деген құрметті біз кейбір кәсіпкерлердің де жұмысынан аңғардық. Елді мекендегі дүкендердің иелері өз сауда орындарының аумағын күл-қоқыстан тазартып, айналасын сыпырып жатты. Осылайша елді мекендегі сенбілік серпінді өтті.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.