Алғашқы сенбілік өтті

Сәтбаев қаласы әкімінің 2013 жылғы 13 наурыздағы «Сәтбаев қаласы және оған қарасты елді-мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандырудың көктемгі үшайлығын өткізу туралы» №13ө өкіміне сай 30 наурыз күні алғашқы сенбілік өткізілді.

Сенбілікке 335 мекемеден 8765 адам қатысты. Қоқыстар мен сыпырындыларды жинауға 41 көлік қатыстырылды. Қала көлемінде 810га аумақ жиналды. Ерден көшесі мен Иманов көшелерінің бойындағы жиналып қалған тұрмыстық қоқыстар сыртқа шығарылды. №7, 5 орта мектептер мен психоневрологиялық, туберкулезге қарсы күрес диспансерлерінің қоршаулары әктелді. Көшедегі жарық бағандары әктеліп, маңайы тазартылды. №16 мектеп ұжымы ағаштарды түптеп, сынғандарын қиып, өздеріне бекітілген жол жиектерін толық әктеп, тазартты. №15 мектеп оқушылары мен ұжымының қатысуымен 7-і шағын аудан аумағы тазартылып, жол жиектері әктелді. Ерден көшесінің 203, 207 үйлерінің сырт жақ беттері тазартылды. 5-ші шағын аудан кеңесіне қарасты Абай көшесі мен Қ.Сәтбаев атындағы даңғылда толық тазарту жүргізіліп, ағаш түптері қопсытылды.

Шағын аудан кеңестері: №4 – Шығыс Жезқазған кенті, №7-№3 – байыту фабрикасы, №10 – ЭЖК, №8 – №3 КМ ұжымдары тазалық күніне жақсы атсалысты.

Сенбілікте Ұлытау, Гурба, Абай, Комаров көшелері мен Қ.Сәтбаев даңғылында тазарту, тас жолдар жиектерін әктеу жүргізілді. Дегенмен, әлі де қол ұшы тимей қалған жерлер аз емес. Гурба көшесінде тас жолдар жиегіне төгілген топырақтар үйілген қалпында жатыр. Тәуелсіздік даңғылы мен Абай көшесіндегі су ағарлар тазартылған жоқ. Кейбір мектептер мен балабақшалар, ауруханалар қоршаулары толық әктелген жоқ. Тал түптеу жұмыстары сапасыз жүргізілді. Сонымен қатар, жарық бағандарының түптеріне топырақты үйіп кету тоқтар емес. Қаланың шығыс жақ бетіндегі Бұлқышев, Бокин, Первостроителей көшелері тұрмыстық қалдықтан аршылмай қалды.

Сенбілікке кәсіпкерлер аса көңіл бөлмей келеді. Барлық көшедегі бірінші қабатта орналасқан азық-түлік дүкендері, көлік жуу станциялары, шаштараз,  т.б. нысандар біздің ескертуімізден кейін шығып жұмыс істегендей болды.  Сенбілік барысында біздің тарапымыздан шағын және орта бизнес өкілдерімен 72 түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 56 ескерту берілді. Санитарлық жағдайдың нашарлығына байланысты 1 айыппұл салынды. Көктемгі үшайлық енді ғана басталды. Қала көшелері мен аулаларды таза ұстау, санитарлық жағдайды сақтау – әр тұрғынның міндеті. Жұқпалы ауруларды болдырмау, алдын алу мақсатында әркім өз үйлерінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды көшеге лақтыра салмай, арнайы орындарға тастауы тиіс. Таза қала – денсаулық кепілі.

Г.Жалмурзина, Сәтбаев қаласы бойынша МСЭҚБ бас маманы.

Комментарии закрыты.