Білім ошақтарын аралады

Апта басында қала әкімі Асқар Ыдырысов бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандардың хал-ахуалымен танысты.

Асқар Абылайұлы әуелі «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалында болды.

Төрағаның бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев филиал жұмысы жайлы баяндады.

Қазіргі таңда партияның құрамында 3102 адам, 13 бастауыш ұйым бар. Мұндағы қоғамдық қабылдау бөлімінде облыстық, қалалық депутаттар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары кестеге сәйкес тұрғындарды қабылдап тұрады. Филиал жанында «Жас Отан» Жастар қанаты жұмыс істейді.

Ж.Дәрібаев партия филиалы орналасқан қазіргі ғимарат тар екенін жеткізіп, материалдық базаның да жаңартылуына көмек беруді сұрады.

Қала басшысы бұл мәселенің күрмеуін шешу қарастырылатынын айтты.

Партия филиалының жай-күйімен танысқан соң, қала басшысы білім ошақтарында болды.

Ашылғанына келер жылы қырық жыл толатын іргелі білім ордасы – №1 мектеп-гимназиясының, №3 орта мектеп пен №27 қазақ орта мектебінің қазіргі заманғы білім беру жүйесіндегі жаңа әдіс-тәсілдері мен технологиялары Асқар Абылайұлының назарына ұсынылды.

Білім ошақтарының басшыларына А.Ыдырысов арнайы жабдықталған оқу кабинеттері мен оқушылардың танымдық деңгейін арттыратын өнер, спорт салаларына баса мән беруді тапсырды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.