Шоқтығы биік Шер-ағаң

Адам баласы кейде сапарға шыққан жолаушы секілді көрінеді. Алыс-жақынды танисың, бар мен жоқты бағамдайсың, жақсы мен жаманды айырасың. Соларды көңіл елегінен өткізіп, өзіңше түйін жасайсың. Жақсысына сүйініп, жаманына күйінесің. Сол жақсылығына сүйсініп, елге үлгі тұтар жандардың ішінде Шер-ағаңның – Шермұханбет Байбосынов ағаның шоқтығы биік десек болады… Шермұханбет Байбосынов ақсақал сәуірдің екісі күні сексеннің жетеуіне толды. Ардагер ағаны қала әкімі Асқар Ыдырысов бастаған топ арнайы барып құттықтап, иығына шапан жапты.

Ел басқарған азаматтардың өзін осыншалық құрметтеп, сый-сияпат жасағанына ақсақал да дастархан басында риясыз алғысын білдірді.

Алғашқы еңбек жолын ауылдық кеңестің хатшылығынан бастауы оның кейінгі жылдары халықпен біте қайнасудың, шын мәніндегі өмір танудың мектебіне айналды. Сол мектепте ол шашасына шаң жұқтырмайтын жүйріктей алғы лектен көрінеді. Бұл, бәлкім, өзін жақсы танып-білетін көпшіліктің көз алдында қалыптасып, азамат ретінде мойындалуынан, жанына жақындағанға жаттығы жоқтығынан да болар.

Өткен ғасырдың аласапыранға толы жиырмасыншы жылдарының бел ортасынан аса Қызыл әскер колхозында өмірге келген оның балалық шағы да сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Сондықтан да болар, Шер-ағаң ерте есейді. 1942 жылы сегізінші сыныпта оқып жүргенде оның құрбы-құрдастарының бәрі дерлік майданға алынды. Бойы өзгелерден аласа болған Шермұханбет қана әскерге соғыстың соңғы жылдары шақырылды.

Бала саны азайғаннан соң мектепте сабақ тоқтап, Шер-ағаңдарды колхоз жұмысына тартты. Сол кезде он жетілерге енді толған Шермұханбет Жезді ауылдық кеңесіне хатшы болып қызметке кірісіп, ауылдың тынымсыз тірлігіндегі біраз шаруаны өз мойнына алғаны бар.

Еңбекте осылай ысылып, азды-көпті өмір тәжірибесін жинақтаған балаң жігіт 1944 жылы әскерге алынды. Бір жылға жуық майдан даласында өткен жорық жолдары бір өміріне жетерлік із қалдырды. Жақсыны да, жаманды да көрді.

Белгілі бір мақсат соңында жүрген соң жететін биігің, алатын асуың болады. Оның кедергілері қоса жүретіні және аян. Соның бәрінде алға ұмтылуды бағдар етіп ұстанған Шер-ағаң бұл жолдағы серігі өзін жетілдіру, қамшылау, уақыт талабына сай қимылдау деп ұғынды. Сол ұстанымды берік қалыптастырған ол зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін кен өндірісі саласынан табан аударған жоқ. Жиырма бес жылға жуық «Покро» шахтасында түрлі қызметтер атқарды. Қай қызметте жүрсе де кеншілердің мүддесін, олардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, тиісті орындарға жеткізуде жолдан жаңылмады.

Бұл кезде кен басқармасында жаңа басқару жүйесі енгізіліп жатты. Басшылық қызметтерге жаңа кадрлар тартылды. Сондай өзгерістер барысында кен басқармасы әкімшілігінің кадр бөлімін басқару қызметін атқаруға қатысты таңдауы Шермұханбет Байбосыновқа түсті. Он сегіз жыл кадр бөлімін басқарды.

Шер-ағаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін де үйінде қол қусырып қарап отырмады. Сол кездегі қала басшысы Қанат Балмағамбетовтың шақыруымен қалалық Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Кеңесін басқаруға келді. Қоғамдық жұмыста жүріп те ардагер аға өскелең ұрпақ тәрбиесі мен қаланың сан салалы қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. Ардагерлерге қатысты мәселелерді қала әкімінің деңгейіне дейін көтеріп, оның өз шешімін табуына ықпал етті.

Егемен елдің құрылымдалу, қалыптасу кезеңіндегі осы бір сәттер соншалықты күрделі жайларға толы болатын. Көп тірлік жаңа арнасын тауып жатты. Бірсыпыра істерге қатысты тығырыққа тіреліп қалған тұстар да болмай қалған жоқ. Сондайда жүйелі жол табу, елді ілгеріге бастау секілді міндеттер ардагер ақсақалдарға да жүктелген болатын. Сол шаруалардың ортасынан табылған Шер-ағаң талай істе елді ортақ іске жұмылдыруға мұрындық болды.

Уақыттың жүйріктігіне дауа жоқ екен. Міне, сексеннің сеңгірі де бұлдырап, тоқсанның төбелері кесе көлденеңдей бергенін байқағалы күні кешегі жігерлі шақтар да жадында қайта-қайта жаңғырығатындай. Бүгінде білетіндердің көбісі біздің Шер-ағаң деп құрметтейтін Шермұханбет Байбосынов қандай құрметке болсын молынан лайықты.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.