Мемлекет басшысының талабы

Облыс әкімі Бауыржан Әбдішевтің төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы болды.

Жиында мемлекеттік органдардың жұмысындағы сыбайлас жемқорлық пен құқықбұзушылықтың алдын алу және оған жол бермеу жөнінде экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент басшысының орынбасары Қ.Тоқтыбаев баяндама жасады.

2012 жылы 130 сыбайлас жемқорлық қылмыс, ал биылғы жылдың басынан бері 47 қылмыс әшкереленген.

Атап айтқанда, экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі департамент қызметкерлері 2012 жылы осы тектес қылмысты жасауға түрткі болатын себептерді жою жөнінде 80 ұсыныс әзірлеген. Соларды қарастыру нәтижесінде 59 мемлекеттік қызметші түрлі тәртіптік жазаға тартылды.

Сондай-ақ, отырыста Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма – Тәртіптік кеңестің қызметі, мемлекеттік тәртіпті нығайту, лауазымды тұлғалардың мемлекеттік қызмет туралы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі заңнама талаптарын сақтауы туралы осы мекеменің басшысы Қ.Тоқышевтың баяндамасы тыңдалды.

Отырысты қорытындылаған облыс әкімі сыбайлас жемқорлықа қарсы күрес мәселесінде барлық мемлекеттік органдар Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айқындап берген бағдарламалық бағыттарын басшылыққа алу қажеттігін атап айтты.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске биліктің уәкілетті органдарын да белсене қатыстырғанымыз жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес аяусыз болуы тиіс. Құқықбұзушылықтың барлық деректері бойынша қатаң жаза қолданылатын болсын. Бұл – Мемлекет басшысының талабы, – деп түйіндеді сөзін Бауыржан Әбдішев.

Комментарии закрыты.