Табиғатым – тағдырым

2013 жыл ТМД елдерінде экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаны қорғау жылы болып белгіленді.

Кез-келген мемлекет алдында түрлі проблемалар жетерлік. Солардың ішіндегі ең бастыларының бірі – қоршаған ортаны таза ұстау арқылы халықтың денсаулығын сақтау, келер ұрпаққа табиғатты таза қалпында жеткізу, жер асты байлығын ысырап етпеу, таза ауыз су мәселесі.

Экологиялық проблема жайлы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында айтты. Жолдаудың «21 ғасырдың он жаһандық сын-қатері» тарауында «Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы», «Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы» деп атап көрсетті.

Атамекеніміз табиғатпен көрікті, сондықтан оны қорғау баршаның міндеті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дегендей, отырғызылған жасыл желекті баптап, жайқалып өсуіне жағдай жасасақ, тұрып жатқан қаламызды тазалықта ұстап, қоқыс салынатын контейнерлердің уақытылы жиналып тазалануын қадағаласақ – бұл біздің экологиялық мәдениетке қосқан үлесіміз болар еді.

Б.Бұлқышев атындағы орталық кітапханада экология тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, ол тұтынушылар қолданысында.

Кітапхана қызметкерлері 4 сәуірде №1 мектеп-гимназиясының 10 «А» сынып оқушыларымен бірлесіп, «Біз таза қала үшін!» атты флеш-моб өткізді. Бұл акция «Эколог» клубы аясында ұйымдастырылды. Тәуелсіздік стеласының алдында қала тұрғындарының назарына экология тақырыбына арналған кітап көрмесі ұсынылды. Оқу залының меңгерушісі С.Қарабекова сөз сөйлеп, көрмемен таныстырды.

Тұрғындарға табиғатты қорғау, қаламызды таза ұстау жайлы буклеттер таратылды.

З.Арыстанова, библиограф.

Комментарии закрыты.