Білікті маман, іскер басшы

Бүгінде алпыс атты асқаралы белестің биігіне еркін көтерілген Қанат Қоңыров үшін жанға жылы, жүрекке шуақты сәттер көңіл төрінде Өспен деп аталатын шағын елді мекенмен сабақтаса өріледі. Өмірінің ең бақытты да балғын шақтары сол жерде өтті. Кейінірек есейіп, елден жырақ кеткенде де осы ауыл, сол аймақ жадында жарқырап тұратын. Негізінде кім-кімге де күш беріп, алға ұмтылдыратын туған өңірдің тілегі сынды бір ғажайып тылсым бар. Ол мұны сан мәрте сезінді. Сондықтан, қайда жүрсе де, туып-өскен Өспенін ең алдымен есіне алады. Бізбен әңгімелесу барысында да кейіпкеріміз сөз арнасын ауыл жаққа қарай бұра берді.

Мектеп бітірер балғын жас үшін ең маңыздысы мамандық таңдау ғой. Қанат та замандастарымен бірге Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне құжаттарын тапсырды. Алайда, бабы келмеді ме, бағы жанбады ма, ол жылы оқуға түсе алмады. Салы суға кетіп, ауылға қайтқан ұлын әкесі Жамаш жігерлендіре түсті. «Оқу ешқайда қашпайды, бір жыл еңбек етіп, шыңдал. Алда әскери борышың тұр. Оқуға сосын да барарсың» деген. Ойлап қараса, әке сөзінің жаны бар екен. Бір жыл ауыл маңындағы малшыда көмекші болып жұмыс істеп, көктем туа әскер қатарына алынды. Польшадағы Кеңес әскерінің құрамында екі жыл азаматтық борышын өтеді.

Елге келген соң құжаттарын алып Қарағандыға тағы жол тартты. Бұл жолы педагогикалық институтқа емес, кәсіби-техникалық білім беру орындарына денешынықтыру мамандарын даярлайтын техникумының табалдырығын аттады. Жастайынан спортпен шұғылданып, талай жарыстарға қатысып, шыңдалған жігіттің бұл жолы бағы жанды. Оқуға еш қиындықсыз түсті.

Бір жылғы елдегі жұмыс пен жырақтағы екі жыл әскери жаттығулар оны біраз есейтіп тастап еді. Сондықтан да болар, білім алсам, мамандығымды тереңірек игерсем деген талабы оны өзгеше әлемге жетелеп алып кеткен еді. Төрт жыл оқып, спортшы-нұсқаушы мамандығын алып шықты. Ол кезде кәсіби техникалық білім беру саласы мамандарын осы саланың арнайы комитеті жіті бақылап отырады. Жолдамада мамандарға деген сұраныс ескеріліп беріледі. Осы ретпен дипломды жас маман өзіне таныс, өндірісі дамып келе жатқан өлке – Жезқазған өңіріне келді.

Қанат Қоңыров келгенде Никольский поселкесіне қала статусы беріліп, кеншілер қаласы қанатын енді-енді жайып келе жатқан болатын. Еңбек жолын бастаған №1 кәсіптік училище сол кездегі іргелі білім ошақтарының бірі еді. Мұнда білім алып, кәсіптік мамандық игерген талай жас сол кездегі айтулы өндіріс орындарында еңбек етті. Ал оларға небір білікті мамандар, тәжірибелі ұстаздар дәріс берді. Училище ұжымы жас маман Қанат Қоңыровты құшақ жая қарсы алды. Әуелде жолдамада белгіленгендей екі жыл еңбек еткен соң ауылға ораламын деген оның ойы майдай бұзылды. Оған, әрине, ұжымның ынтымағы мен өзі қалаған мамандықтың қызықтығы әсер етті. Соның нәтижесінде аталмыш училищеде 21 жыл табан аудармай тер төкті.

Өтпелі кезеңнің ауыртпалығы кәсіби білім ошағына да өз салмағын түсірмей қалған жоқ. Қаржы тапшылығы мұғалімдерді жаңа сала – кәсіпкерлікке «машықтандырды». Енді бір мұғалімдер кәсібін базардағы сауда ісіне айырбастады. Бір сөзбен айтқанда, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін аласапыран басталды. Міне, сол аумалы-төкпелі уақыттың өзінде Қанат Жамашұлы училищеден іргесін аулақ салған жоқ.

Жақсы маман әдетте жоғарыда отырғандардың көзіне тез ілігеді. Мұндайда басшылар ондай адамды жауапты жерлерге ыңғайлай бастайтыны бар. 1996 жылдың жазында Сәтбаев қаласының сол кездегі әкімі Серік Төрегелдин Қанатты қабылдауына шақырды. Бұл – елдегі ауыр жылдардың бірі болатын. Нарық қыспағына ұшыраған талай мекемелер тарап, жабылып жатқан кез еді. Жұмыссыздық белең алып, айлық берілмей жатты. Осы тұста жығылған үстіне жұдырық болып өңірімізде тастанды балалардың да саны арта түсті. Қала әкімі Серік Мәкенұлы Қанатқа осы жайттарды айта келіп, Жезқазғандағы тастанды балаларды қабылдайтын арнайы орында бос орынның жоқтығынан, Сәтбаев қаласында балалар үйін ашу міндеті тұрғанын алға тартты. Осы істі ұйымдастыруды тәжірибелі әрі іскер маманға сеніп тапсыратынын да жасырған жоқ.

Бірер күн ойланып, жауабын сосын айтпақ болып келіскен Қанекең қабырғасымен кеңесе келіп, бұл іске бел буа кірісуді ұйғарды. Мектепте тәртібі нашар, үлгерімі төмен, «қиын» балаларды осындай кәсіптік техникалық училищелерге жіберетін үрдіс бар еді кеңес дәуірінде. Сол балаларды оқытып, тәрбиелеу жас бүлдіршіндерді тәрбиелеуден қиын болмаса, жеңіл емес еді. Оның үстіне кеше ғана өмірге келіп, туылмай жатып тағдыр талқысына түскен жеткіншектерді қамқорлыққа алуды өзіне азаматтық борыш санады.

Балалар үйін ашу оңайға соққан жоқ. Оның үстіне қаржы тапшы, бюджет қысқарған тұста әлде бір істі бастау мүлдем қиын еді. Балалар үйіне қажетті құрал-жабдықтарды, төсек-орынды, тіптен азық-түліктің өзін қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру арқылы жинақтады. Кеніштер мен кәсіпорындарды жағалап, демеушілік көмек сұрады. Әрине, құр қол қайтқан кездері болған жоқ. Елмен тіл табысып, сөзін өткізе білетін жігіт балалар үйінің қабырғасын осылай жүріп қалады. Қазіргі қалалық салық басқармасы отырған ғимарат бір кездері балабақша болатын. Ол тарап, азудың аз алдында тұрған баспананы осы балалар үйіне берген еді. Айналасы бірер жылдың ішінде Қанат Қоңыров оны жұтындырып шығарды. Маңдайшасына «Мерей» балалар үйі деген тақтайша ілінді. «Мерей» деп қойған да Қанаттың өзі. Туылмай жатып тағдыр талқысына ұшырап, жастайынан жетімдіктің жабуы жамылған жеткіншектерге елдің мерейі түссін дегенді ырым етіп қойған еді. Солай болды да. Ел болып балалар үйін қатарға қосты.

Әлі есінде, Жезқазған облысы жабылып, облыстық басқармалар тарап жатқан жылы білім беру басқармасы есеп шоттарындағы ақшадан 200 мың теңге қаржы аударып берді. Бұл сол кездегі ең қомақты қаржы болатын. Ақшаны алысымен директор Қанат Қоңыров қасына мамандарын алып оңтүстік өңірге жол тартты. Ондағы ойы – түстікте баға арзан. 200 мың теңгеге балалар үйіндегі 30-40 баланы бастан аяқ киіндіріп, төсек-орынмен қамтамасыз етуге болады. Солай істеді де. Сонау Тәшкенге барып бір вагон киім-кешек, төсек-орын алып келді.

Осылайша балалар үйін басқарып, оны аяғынан тұрғызған Қанат Жамашұлы сол кездері қала тізгінін қолына ұстаған Қанат Балмағамбетовке келіп өзін негізгі мамандығы кәсіптік техникалық білім беру орнына жіберуін сұрады. Сол кездері №1 кәсіптік мектеп басшысыз тұрған. Бір жылдай сонда қызмет еткен Қанатты қала басшылары шаңырағы шайқала бастаған №3 кәсіптік мектепті қалпына келтіруге жіберді.

Аталмыш білім ордасына келген Қанат тау-кен жабдықтарын жөндеу зауытына келіп, оның басшыларымен зауытқа қажетті токарь мамандарын даярлауға, автокөлік және механикалар кәсіпорнының басшыларымен автокраншы мамандарын дайындау жайлы келісім-шарттар жасады. Мұның сыртында кәсіптік мектеп құрылысқа қажетті мамандар дайындауды да қолға алды. Міне, осы істердің басы-қасында Қанат Қоңыровтың өзі жүрді.

…Жылдар бір орында аялдап тұрмайды, алға баса береді. Бір кездердегі шәкірт бала, одан кейінгі студент, жас маман Қанат бүгінде ата болып отыр. Өмірлік серігі Әлия екеуі қызметтерін атқара жүріп, ұрпақ өсірді. Қазір балалары заман ағымына сай екі-екіден білім алып, әр салада жемісті еңбек етіп жүр.

Өз ғұмырының ең жігерлі жылдарын өңіріміздің маңызды буындарындағы елге керек шаруаларға арнаған Қанат Жамашұлы бүгінде өзі қалаған кәсіптік-техникалық білім беру саласында еселі еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп келеді. Осы жолдағы еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Сонау сексенінші жылдардың бел ортасында «Қазақ ССР-інің кәсіптік білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бертін келе омырауына «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісін қадады. Мұның бәрі оның еңбегінің әділ бағасы.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.