Аймақтық бөлімше құрылды

Сәуірдің 5-і күні «Дидар» телеканалының баспасөз клубында «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Кенжебай Жолдыбай қоғамдық бірлестіктің осындағы мүшелерімен және өңірдегі БАҚ басшыларымен кездесу өткізді.

Отырысты Қ.Жолдыбай қоғамдық бірлестіктің мүшелері – «Дидар» телеарнасының директоры Б.Әлеуханұлына, «Мысты өңір» газетінің бас редакторы А.Рахұлына, «Шарайна» газетінің бас редакторы М.Жаппасбаеваға куәліктер тапсырудан бастады.

Бұл жүздесуде Бас редакторлар клубының мақсат-мүддесі және қазіргі жұмыс барысы жайлы жан-жақты ақпарат беріліп, аймақ журналистерін толғандырып жүрген өзекті мәселелер ортаға салынды.

– Бас редакторлар клубы Үкімет мүшелерімен, Ұлттық компаниялар басшыларымен кездесулер өткізіп, ақпарат құралдары басшыларының ұсыныс-тілектерін жеткізуге мүмкіндік туғызуда, – дей келе, Кенжеболат Махмұтұлы бірлестіктің бес жыл ішінде атқарған жұмыстары жайлы толық мәлімет берді.

Кездесу барысында журналистердің әлеуметтік статусының нақты анықталмағаны, олардың не мемлекеттік қызметшіге, не үкіметтік ұйымға жатпайтыны салдарынан мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдіктерін пайдалана алмайтындығы сөз болды.

– Клубтың алдағы міндеттерінің бірі етіп осы мәселені қойып отырмыз. Сондай-ақ, «Ақпаратқа қол жетімділік туралы» Заң жобасының тезірек қабылдануына да ықпал ету бағытында жұмыстар жүргізудеміз, – деді президент.

Кездесуге келген БАҚ өкілдері жергілікті ақпарат құралдарының бүгінгі жай-күйі жайлы кеңінен әңгімеледі. Осы ретте баспасөз науқаны кезінде республикалық, облыстық ресми басылымдарға жаздыруға билік тарапынан көп көңіл бөлініп, жергілікті газеттердің шеттеп қалатындығы айтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін БАҚ басшылары газет беттерінің түрлі нормативтік-құқықтық актілерден, мемлекеттік қызмет көрсету регламенттерінен артылмайтынын, олардың оқырмандарды тартуға кері әсерін тигізетінін де жасырмады.

Кенжеболат Жолдыбай көтерліген мәселелермен толық келісетінін және оларды шешуге Бас редакторлар клубы мүдделі екеніне назар аударды. Аймақтық кездесу қүрылтайшылар жиналысы ретінде танылып, оның шешімімен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің Жезқазған – Ұлытау аймақтық бөлімшесі құрылды және төрағасы болып Жезқазған қалалық «Дидар» телеарнасының бас директоры Базарбай Әлеуханұлы сайланды.

Жаңа төраға өз жұмысын бөлімшені ресми тіркеуден өткізуден бастамақ.

М.СМАҒҰЛ.

Комментарии закрыты.